Еліміздегі қасиетті жерлер - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздегі қасиетті жерлер

15.04.2018

Қазақстанның көз тоймас көрікті жерлері көп. Қойнауы тұнған тарих, рухани қазына орындар жетерлік. Алайда, тұмса табиғаттың игілігін толық игере алмай, бар құндылығымызды барынша баяндай алмай келгеніміз жасырын емес. Осы олқылықтың орны Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев былтырғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласынан соң тола түскендей. Президент бағдарламалық мақаласында «Біз тарихымызда осынау көркем, рухани, қастерлі жерлеріміздің біртұтас желісін бұрын-соңды жасаған емеспіз. Мәселе еліміздегі ескерткіштерді, ғимараттар мен көне қалаларды қалпына келтіруде тұрған жоқ. Идеяның түпкі төркіні Ұлытау төріндегі жәдігерлер кешенін, Қожа Ахмет Яссауи мавзолейін, Тараздың ежелгі ескерткіштерін, Бекет ата кесенесін, Алтайдағы көне қорымдар мен Жетісудың киелі мекендерін және басқа да жерлерді өзара сабақтастыра отырып, ұлт жадында біртұтас кешен ретінде орнықтыруды меңзейді». Тіпті осы мақаладан соң белгілі ғалым Берік Әбдіғалиұлы басқаратын «Сакралды Қазақстан» ғылымы-зерттеу орталығы құрылып, іске кірісті. Жалпы, біз қолымызда бар дүниелерді яғни, құндылықтарымызды қаншалықты ұқсатып жүрміз, тарихи жәдігерлерімізді, тәу етер орындарымызды, көз жауын алар көрікті мекендерімізді өзгелерге көрсетіп, таныта алдық па өзі? Расы керек, тіпті өзіміз толық танып біле бермеген мұраларымыз, руханияттарымыз, топырақтарымыз бар. Қазақтың әрбір жері әдемі, қасиетті. Дегенмен де, «Апта» сараптау орталығы қазақтың тарихы терең, табиғаты тамылжыған өңірлерінің ішкі және сыртқы туризмді дамыту үшін жасап жатқан жұмыстарына қарай рейтингін түзген еді.

 

Ержан Қалымбайұлы  

Хабарламаларға жазылу