Жүзіктің көзіндей жарқыраған Астананың құрылысы әлі жалғасады. Әлі талай жаңа ғимараттар салынып, қаланың инфрақұрылымы жаңарады. Оның үстіне биыл Елордаға - 20 жыл. Осы 20 жыл ішінде Астананы әлемдік шаһарлардың деңгейіне көтеру үшін ауқымды жұмыс атқарылды. Дегенмен, көрікті қалада көзге сүйелдей көрінген сүйкімсіз мәселелердің барын несіне жасырайық?! Мысалы, қаланың әр бұрышында қабырғалары ырсиып, еңкіш тартқан ескі үйлер әлі тұр. Жамбастап жатып алған қожайындары тамдарын мемлекеттің пайдасына бермейді. Атасының құнын сұрайды. Бұл Президенттің шамына тиді.
Президент қала көркі, көшедегі тәртіп, көлік тұрағы, лифті қызметі секілді маңызды мәселелерге де тоқталды. Әсіресе, жабайы сауда орындары, былығы көп базарлар Елбасының қырына ілікті.
Сондай-ақ, қала билігі әбден мақтауын келістіріп орнатқан «Сергек» бейнебақылау камералары да толық істемейтін болып шықты. «Мақтандыңдар, бірақ нәтиже жоқ»,- деп кесіп айтты Елбасы. Кеңес кезінде қала әкімі Әсет Исекешевтің де баяндамасы тыңдалды. Президент Астананың 20 жылдық мерейтойын науқаншылдыққа ұрынбай, тиімді әрі іргелі істермен есте қалдыруды тапсырды. Өзге де жауапты мекеме басшыларына тапсырмалар жүктеді.
Ғабит ҰЗАҚБАЙ