«Теңізшевройлға» биыл 25 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Теңізшевройлға» биыл 25 жыл

08.04.2018

Қазақ нарығында жұмыс істеп жатқан ең ірі мұнай өндіру компаниясы «Теңізшевройлға» биыл 25 жыл. Былайғы жұрт «ТШО» атап кеткен өндіріс кешені – шын мәнінде қуатты әрі бақуатты. Елдегі бірнеше компанияның басын біріктіріп отыр. Қазіргі таңда «ТШО»-да жұмыс істейтін қазақстандық қызметкерлердің үлесі 83 пайызға жетті. Бұл көрсеткіш бұрын көңіл көншітпейтін, 1993 жылы 50 пайыздың маңайында еді. Одан бөлек, жергілікті ұлттық басшылардың, жоғары және орта буын жетекшілерінің үлесі жалпы басшылық құрамның 67 %-ын еңсерді.

«Теңізшевройл» тек мұнай өндірмейді. Өткен жылы шамамен 1,38 миллион тоннадан аса сұйытылған газ сатқан, 7,45 миллиард текше метр құрғақ газ саудалаған. 2,49 миллион тонна күкірт сатқан. Компания мұнай өндіру саласында жаһанның ең озық технологиясын қолданады. Жаңа кен орындарын барлау жұмыстары да жүріп жатыр. Сонымен қоса, мұнайды өңдеу бойынша жаңа жобалар да жоқ емес. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осы аптада компания басшыларымен кездесіп, мұнайшыларды мерекелерімен құттықтады.

Дулат ЖЕКСЕНБАЙ

Хабарламаларға жазылу