Кемерово оқиғасы: Аман Төлеев бүгін өз еркімен отставкаға кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кемерово оқиғасы: Аман Төлеев бүгін өз еркімен отставкаға кетті

01.04.2018

«Қазаны басқаның қайғысы басқа» деу қате. Осы апта Ресей халқына ауыр соқты. Кемерово қаласында болған алапат өрттен 64 адам қайтыс болды. Түтінге тұншығып, тірідей өртенгендердің көбі - бейкүнә балалар. Көңілің босайды, жүрегің езіледі, сай-сүйегің сырқырайды, қайтеміз?! Бұрын кемеровалықтардың сейіл құратын сүйікті орны болған қаланың қақ ортасындағы «Зимняя вишня» сауда ойын-сауық орталығы бір демде лағнет айтып, қарғыс жауған қаралы орынға айналды. Біреулер «бұл - теракт» деді, бірі электр сымдарынан көрді, енді бірі «балалар от қойған» деп бал ашты. Анығын Ресейдің ресми органдары айта жатар. Тұтанған оттың тез күш алғаны соншалық, құтқарушылар тасбақадай тырбаңдап жеткенше, тілсіз жау ғимараттың біраз бөлігіне тарап үлгерген. Сол орталықта жақындарын жоғалтқан, сол орталықта балаларынан айырылып, аңырап қалған адамдардың атарға оғы жоқ. Қан жұтып отыр. Айтуларынша, өртті ескертетін дабылдар еш жұмыс істемеген. Жарық сөніп қалған. Қараңғы әрі қою түтін басқан ғимаратта адамдар бір-бірін тапамағанда қайтсін?! Бәрінен бұрын миға сыйматыны сыртқа шығаратын апатты есіктер ашылмай қалған. Құлыптаулы тұрған. Толған бала-шаға мультфильм көріп отырған кинотеатрдың есігін де біреулер сыртынан кілттеп кеткен. Азапты сәт. Сол себепті, де қызыл жалынның құрбандары көп.

«Өзекті жағып өртейтін қайғы дейтін жылан бар, қайғыға тізгін бермейтін қайрат деген қыран бар». Қайратты болсын, қайғыларына біз де ортақпыз. Осы апатқа байланысты Нұрсұлтан Назарбаев Ресей халқына және Президенті Владимир Путинге көңіл айтты. Артынша, көрші елде қаралы күн жарияланды. Ал, Кемерово облысын 1997 жылдан бері басқарып келген Аман Төлеев бүгін өз еркімен отставкаға кетті. 73 жастағы саясаткер кетер алдында «Бұл мен үшін дұрыс, ең әділ шешім деп есептеймін, өйткені, мұндай ауыр жүкпен губернатор болып отыру моральдық тұрғыдан мүмкін емес» - деп мәлімдеген.

Жалпы, Ресейде мұндай қайғылы оқиға соңғы рет 2009 жылы 5-желтоқсанда болды. Пермь қаласындағы «Хромоя лощадь» түнгі клубында пиротехниканы дұрыс пайдаланбау салдарынан өрт шығып, 156 адам опат көз жұмған еді.

 

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу