Осы аптада аймақтардағы жастар Астанаға «Жас Отанның» IV съезіне қатысуға келді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Осы аптада аймақтардағы жастар Астанаға «Жас Отанның» IV съезіне қатысуға келді

01.04.2018

Осы бейсенбіде 1500-ден аса «жасотандық» Астанада жиналды. IV съезд. Әл-Фарабиден бір әмірші өз елінің болашағы туралы сұрағанда, бабамыз «сен алдымен жастарыңды көрсет, сонда мемлекетіңнің болашағын барлау қиынға соқпайды», - депті. Анығында, қай кезеңде болсын, болашақтың қожасы жастар. Қазір елімізде 567 жастар ұйымы бар екен. Бірақ, тізімде тұрғанымен, тіршілігі белгісіздері көп. Сайлауларда саяси партиялардың сойылын сүйретеді. Алаулатып, жалаулатып популизммен айналысады, түрлі шаралар өткізеді. Өздері түсінбесе де, заң айтып, закон соққандай болады. Тәуелсіздік алған жылдары туса да, Тәуелсіз елдің тілінен мақұрым, басқаның тілінде жортақтап шабады, ана тілінде шоқырақтап қалады. Қазір солардың ішінен көзге түсіп, көңілден шығып жүргені қайта «Жас Отан». Тайдың мінілгені білінбейді, бірақ, талапты жастар құрылғалы он жыл ішінде тау қопарып, тас уатпаса да, біраз шаруаға атсалысты. Ел басына күн туған сәттерде, мысалы, өткен Қызылағаштан бастап, қазір шығыста болып жатқан тасқында да «Жас Отанның» жігіттері алдымен атқа қонды. Саяси науқандарда ғана жылт етіп, жоғалатын өзгелер секілді емес, жыл он екі ай жұмыс істейтіні қуантады. Шама-шарқынша билік партиясының қолын ұзартып, қолғанаты болып жүр. Биыл екі күнге жалғасқан жастардың жиыны бұрынғыдан өзгешелеу өтті. Әдеттегідей жалаушалар мен жаттанды сөз жоқ, барлығы еркін форматта пікір білдіріп, өздерін алаңдатқан мәселелерді ортаға салды.

 

Индира БЕГАЙДАР

Хабарламаларға жазылу