Қазақ баспасөзінде өзекті мәселелер көтерген газет-сайттарға шолу - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ баспасөзінде өзекті мәселелер көтерген газет-сайттарға шолу

25.03.2018

Оңтүстік Қазақстан облысында «зорланған» балаға қатысты жаңа деректер белгілі болды,- деп хабарлайды «Qamshy.kz». Қоғам қайраткері Аружан Саин өзінің «Facebook» парақшасында 7 жастағы баланың тағдырына қатысты 6 дерекпен бөліскен. Ең бастысы, бала мен оның анасы қазір мемлекеттің қамқорлығында қауіпсіз жерде отыр. Жақын арада Бас прокуратура тергеу жұмыстарын бастамақ. Сонымен қатар, медициналық сараптама жасау үшін шетел сарапшыларымен келісім жүргізілуде. Олардың тізімін баланың адвокаты алдағы аптаның басында айтады. «Заңгердің көмегі немесе басқа да шығындар үшін ешкім арнайы қаржы жинаумен айналысып жүрген жоқ», -дейді Аружан Саин.

Ал, «Qazaquni.kz» порталы «зорланған» баланы белгілі қазақ олигархы өз қамқорлығына алды, - деп хабарлайды. «Аналар үйі» қоғамдық қоры Қамқоршылар кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаев баланың өміріне қауіп жоқ екенін айтады. Ана мен баланы күзету мейлінше күшейтілген. «Бір таңғаларлығы Астанада баланы ОҚО-дан келген полицейлер күзетіп, бізге бергісі келмеді», – деп жазды ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында. Биыл Наурыз мерекесіне бір ай қалғанда «Ұлыстың ұлы күнін» жаңаша тойлау жөнінде бастама көтерген Мәдениет және спорт министрі эксклюзивті сұхбат берді. Арыстанбек Мұхамедиұлының айтуынша, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы елдегі Наурыз мейрамының тойлану сипатына тың серпіліс әкелді. Мемлекет басшысының мақаласынан кейін халқымыздың өз тарихына, келешегіне деген көзқарасы ерекше. Ал Наурыз біздің қоғамда бірлік, тұрақтылық пен келісім секілді құндылықтардың нығаюына ықпал етіп келеді, - дейді министр.

«Ult.kz» Нұртөре Жүсіптің «Өкпесіз өмір сүру» атты мақаласын басқан екен. Онда белгілі публицист «неге екенін қайдам, біздің қазақ жоқ жерден өкпелегіш, бар жерден базынашыл, біреуі жығылса, жүзі күлгіш, қайда қарасаң да кілең білгіш келеді» деп ой толғайды. Сосын осы өкпе-реніштен арылудың жолдарын баяндайды. Еліміздің батыс аймақтарында ежелден аталып келе жатқан «Көрісу», яғни «амал» мерекесінің байыбына бойлайды.

Ал, «Abai.kz» қазақ тойының жаңа форматын жариялапты. Ұсыныс әрине. Қазақтың бүгінгі тойы жұртты әбден мезі етіп болды,- деп күйінген Марат Тоқашбаев бір емес, 11 ұсыныс жасапты. Негізгілер шолып өтсек. Ең алдымен той уақытын қазіргі 5-6 сағаттан 1,5-2 сағатқа қысқарту үшін автор оның креативті фуршеттік тәсілін ұсынады. Сосын тосттың орнына жас жұбайлар немесе мерейтой иесі әр үстелге аялдап, өзінің алғысын арнауы керек. Осыдан кейін тойдың екінші бөлігін биге арнап, «тойбастар» дәстүрінде қонақтардың біріне ән айтқызған жөн. Тойдың бұл жаңа тәсілі арқылы кешігу жойылады, той уақыты қысқарады, уақытты бағалау артады, адамдар бір-біріне жақын бола түседі, жұлдыздарға тәуелділік кемиді, ең бастысы мақтангерлік жоғалады.

Хабарламаларға жазылу