Ерлан Сағадиев осы аптада тағы сынға ұшырады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ерлан Сағадиев осы аптада тағы сынға ұшырады

25.03.2018

Таңдайы «реформа» деп тақылдайтын Білім министрінің маңдайы тағы тасқа тиді. Сарсаңға салғыш Сағадиев осы аптада тағы сынға ұшырады. Себеп мынау: екі жылға жуық уақыт ел мектептерінде енгізілген «Күнделік» жүйесі жақсы нәтиже берер емес. Ығыры шыққан мұғалімдер электронды күнделікті бір бөлек, қағаз журналды бір бөлек толтырып әуре. Мұның мәнісін депутаттар түсінбей-ақ қойды. Жалпы, электронды күнделікті қазір елімізде 3,5 миллион адам қолданады екен. Бұл жүйені ұстаздар жақтайды, ақтайды деп айта алмаймыз. Көңілі толмаушылар көп. Бірақ, министрдің өзі «электронды күнделік ұстаздардың өз қалауы» деп ақталады.

Апта басында Мәжілісте білім саласын цифрландыруға көшіру жайы талқыға түсті. Депутаттардың тарапынан айтылған сын да, тағылған мін де аз емес. Өйткені, мұғалімдерді мәжбүрлеу шаралары азаймай тұр. Оның үстіне ауыл аймақтағы мектептерде интернеттің жылдамдығы аз, компьютерлер ескі, тілін білетін IT мамандар некен-саяқ. Үш ауысымда оқытатын мектептер де әлі бар, ал кейбір жерлерде мектеп деген атымен жоқ. Осының барлығын ескермей, кемшілікті түзетпей сандық жүйе туралы айтудың өзі артық секілді.

Осы аптада Ерлан Сағадиев білім саласындағы кезекті реформалары туралы да баяндады. Енді Ұлттық бірыңғай тестілеуді ағылшынша тапсыруға болады екен. Информатика пәні бірінші сыныптан оқытылмақ. Тіпті, болашақта мектеп директорының информатика бойынша орынбасары болады. Тағысын тағы... Реформадан сансыраған саладағы сала-құлаш мәселелерді Индира Бегайдар жеткізеді.

Индира БЕГАЙДАР

Хабарламаларға жазылу