Бүгін ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті елдің барлық аумағында күннің бұзылатынын айтып, ескерту жариялады. Мысалы, ертең Астана мен Ақмола облысында жауынның арты боранға ұласып, көктайғақ болуы мүмкін. Батыс облыстар мен солтүстік өңірлерде жауын жауып, күннің жылынуына байланысты еріген қар суы шабындықтарға жайылуы кәдік. Шығыс пен оңтүстік облыстарда да жауынның салдарынан су тасу қаупі бар. Бүгінде Батыс, Шығыс, Солтүстік және Қостанай облыстары төтенше жағдайлардың алдын алуға әзірлікті күшейткен. Мысалы, биыл Батыс Қазақстан облысында тоң былтырғыдан екі есе қалың. Кей жерлерде 130 см. Ерісе, қиын. Сондықтан, өңір билігі тұрғындарды аулаларын қардан тазартуға шақырып, өзендердегі мұзды жарып, қам жасап жатыр. Ал, Қостанай облысында төтенше жағдайлардың алдын алуға 461 млн. теңге бөлінген. Арнайы топ өзендерді, сай-сала мен аңғарларды тексерген. Мамандар «қар көбесі сөгілсе де, су қоймаларын толтыра алмайды», деген сенімде. Дегенмен, жауын мол жауатын болса, бұған кепіл жоқ. Солтүстік Қазақстан облысында теміржолшылар су тасу қаупі бар аймақтарды тәулік бойы күзетеді. 57 елді мекен бақылауға алынған. Қарлы жаңбырмен қоса, тоңнан да қауіп бар. Шығыс Қазақстанда да тасқынға тосқауыл жасалып жатыр. Мұнда Аягөздегі қателік қайталанбасы үшін Үржар өңірі қатаң бақылауға алынған. Семейде де коммуналдық қызметтер күшейтілген режимге көшті. Мұнда да қалың жауған қар мен қатқан тоңнан қауіп зор.
Нысаналы ЫҒЫЛ