Елімізде жыл басынан бері баспана бағасы қымбаттаған. Ал, Елбасы жариялаған «Бес әлеуметтік бастама» тойымсыз банктердің тәбетіне тежеу қоя ала ма? Қазір кезек дәстүрлі «БАҚ»-қа шолу айдарында. Сонымен, «Түркістан» апталығының хабарлауынша, елдегі жаңа салынып жатқан үйлердегі бір шаршы метрдің орташа құны ақпандағы көрсеткіш бойынша 260 613 теңге екен. Былтырғы жылдың соңғы айымен салыстырғанда 0,2% өсім байқалады. Жеке тұрғын үйлердің бағасы да 0,1%-ға қымбатапты. Шаршы метрі — 114 273 теңге.
«Qazaquni.kz» порталы да осы қаржы-несие тақырыбына сараптама жасапты. Мақалаға «банктердің тойымсыз тәбетіне тежеу қойылды» деп тақырып қойып, оқырмандарына «асап үйренген ауыз бұған енді не дер екен?» деген сауал тастайды. Басылымның жазуынша, елімізде 5,1 миллионнан астам адам несие алған. Бұл орта есеппен әрбір үшінші адам деуге болады. Оның 1 миллион 102 мыңы қарызын төлеуге дәрменсіз. Міне, «Qazaquni.kz» Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасы» осындай қоғамның әлжуаз тобына қолдау, шамасына қарамай пайызы шарықтаған несие алып, енді сандалып жүргендерге сүйеу болады деп сүйіншілеткен екен.
1-ақпанда Қазақстан халқының саны 18 млн 177,7 мың адамға жетіпті. «Ult.kz» порталы бұл өткен жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіштен 240,6 мың адамға артық немесе 1,3% процент жоғары деп хабарлайды. Ал, енді осы 18 млн-ға таяған қазақстандықтардың 58 пайызға жуығы қалада, 42 пайыздайы ауылдарда тұрады екен. Биылғы жылғы қаңтарда 33,3 мың сәби туған. Бұл былтырғы жылға қарағанда 4,4% көп.
Осы аптада Жазушылар одағына жаңа төраға сайланды. Қалам ұстаған қауымды 22 жыл басқарып келген Нұрлан Оразалиннің орнына ақын Ұлықбек Есдәулет келді. «Qamshy.kz» порталы сол су жаңа төрағаның алдағы жоспарларын жариялапты. Ұлықбек Есдаулет ең алдымен одақты батып отырған шығындардан құтқаруға күш салатынын айтқан екен. «Алты ай бойы Жазушылар одағының қызметкерлері айлық дегенді көрген жоқпыз. Салық пен жалақыны төлей алмай отырған Жазушылар одағына мені төраға етіп сайлап, үлкен жауапкершілік жүктеп қойды», деп ағынан жарылыпты ақын ағамыз.