«БАҚ»-қа шолу: Осы аптада баспасөзде талқыланған негізгі тақырып - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«БАҚ»-қа шолу: Осы аптада баспасөзде талқыланған негізгі тақырып

11.03.2018

«Елбасы Жолдауы – халықтың қажеттілігін қанағаттандыратын тарихи құжат». Мемлекет басшысының Үндеуіне байланысты Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев осындай пікір білдірді. Сонымен, спикердің сөзін «Ult.kz» порталы басқан екен. Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев «Елбасының әлеуметтік 5 мәселені шешу жөніндегі Жолдауы Қазақстан мемлекеттігін дамыту жолындағы ерекше тарихи кезең» деп жазған еді.

«Qamshy.kz» порталы «Президент жариялаған тұрғын үй бағдарламасы тиімді ме?» деген сауалға жауап іздеген екен. Ақпарат агенттігі құны шамамен 10 миллиондық пәтерді ипотекаға алсаңыз, шығыны қалай болатынын есептеп шығарыпты. Жылдық мөлшерлемесі 7 % пайызбен десек, алғашқы жарнаңыз 20% – яғни, 2 млн. теңге болады. Қалған ипотека сомасы – 8 млн. Оны 25 жылда қайтарасыз. Ай сайынғы төлем – 56 500 теңге. Мұны 300 айға көбейтсеңіз, бүкіл шығыны – 18 млн 962 701 теңге болады. Бұл ретте айта кетерлігі, осы жолмен үйлі болам десеңіз, жалақыңыз 100 мың теңгенің үстінде болуы қажет. Ал, бұған дейін жалақыңыз 200 мың теңгеден асса ғана, ипотекаға үй рәсімдей алатынсыз.

Ал, «Түркістан» апталығы «Астананы газдандыру мәселесі қашан шешіледі?» деп мақала жариялапты. Бүгінде республикадағы батыс пен оңтүстіктегі 9 облыс газбен қамтылған. Басылымның хабарлауынша, бас қалаға көгілдір отын жеткізу алдағы 1-1,5 жылда шешімін табуы тиіс. Президент Астанаға Қызылордадағы Қараөзектен  Жезқазған, Қарағанды, Теміртау арқылы тартылатын магистральды газ құбырының қызығын тек елорда емес, еліміздің солтүстігіндегі Павлодар, Петропавл, Көкшетау қалалары да көретінін айтқан еді. Ал, бұл үшін Үкімет халықаралық қаржы институттарынан қаржы тартуы тиіс.

«Қазақ үні» Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Нұрсұлтан Назарбаевтың бес әлеуметтік жобасын орындайтын жауаптыларды тағайындады, – деп хабарлады. Сонымен, бірінші бастама – ипотекалық тұрғын-үйге қатысты Инвестициялар және даму, Ұлттық экономика министрліктері мен «Бәйтерек» холдингі жұмыс істеуі керек. Бұл бағдарламаға Ұлттық банк жауап беретін болады. Ал, жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту туралы екінші бастама бойынша жұмыстарды Ұлттық экономика, Қаржы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері атқаратын болады. Бұл бастамаға министр Тимур Сүлейменов жауапты болып бекітілді. Үшінші бастама – студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту ісіне Білім және ғылым, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ұлттық экономика, Қаржы министрліктері мен әкімдіктегілер жауапты болып тағайындалды. Шағын несиелер мәселесі жөнінде Еңбек министрі Мәдина Әбілқасымова мен қос Вице-премьер Ерболат Досаев пен Өмірзақ Шүкеевтер жауап береді. Ал, елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру туралы соңғы, бесінші бастамаға жауапты – Энергетика министрі Қанат Бозымбаев. Бұл шаруаға Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин бақылау жүргізеді.

Нұрбол ҚАПЕШОВ

Хабарламаларға жазылу