Қазақстанда күнтізбеге қызылмен таңбаланған мереке-думандар баршылық. Бірақ, 8-ші наурыз арпа ішіндегі бір бидайдай мән-маңызы бөлек мейрам. Бала мен ана, әке мен қыз, апа мен іні, аға мен қарындас, қыз бен жігіт, әйел мен еркек арасындағы қарым-қатынастың діңгегін бекемдейтін, отбасылық құндылықтарды дәріптейтін күн. Өзіндік тойлау дәстүрі қалыптасқан, ерекшелігі мол. Бұл мерекеде сый-сияпатсыз қалатын қыз-келіншек кемде-кем болар. Десе де, бұл сияпатты Елбасының қолынан алатындар сирек. Биылғы мереке қарсаңында 3 мыңнан астам қыз-келіншек Астанадағы «Қазақстан» Орталық концерт залына арнайы шақырту алды. Түрлі саланың тізгінін ұстаған әйелдер Мемлекет басшысының қатысуымен өткен мерекелік концертке куә болды. Нұрсұлтан Назарбаев жылдағы дәстүр бойынша «Көктем шуағы» кешін салтанатты түрде ашып берді. Қыз-келіншектер қауымын арнайы құттықтап, алтын құрсақты аналардың кеудесіне «Алтын алқа», «Күміс алқа» төсбелгілерін тақты.
Шынар АСАНҚЫЗЫ