Салық жүктемесін 10 пайыздан 1 пайызға дейін азайту көптің көңіліне жақты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Салық жүктемесін 10 пайыздан 1 пайызға дейін азайту көптің көңіліне жақты

11.03.2018

Әлеуметтік бес бастаманың сүбелі бір бағыты – көгілдір отынсыз көмірге көндіккен өңірлерді газбен қамту. Бұған әсіресе, күн суыса мұржалардың түтінінен мұрындары бітелген елорда тұрғындары естері шыға қуанып отыр. Көппәтерлі үйлерді айтпаймыз, әңгіме - Астананың іші-сыртында асықтай шашылып жатқан жеке үйлерге қатысты. Көңілденген олар «көмір тасып, от жағып, күл шығару машақатынан құтылатын болдық» деп отыр.

Кейінгі жылдары Астананың аспанын торлаған көк түтін тек жергілікті жұрттың ғана емес, «О, елорда» деп ентелей жететін қонақтардың да еңсесін түсіріп тастайтын еді. Ресми дерекке сүйенсек, Астанаға газ тартылса ауаны ластайтын қалдықтардың мөлшері 6 есеге кемімек. Президент ұсынған бес бастаманың тағы бірі - жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту. Өйткені, мұнайлы елміз деп кеуде соғып кердеңдегенімізбен, халықтың бәрі бірдей қағанағы қарқ, сағанағы сарқ, қамсыз қарны тоқ, уайымы жоқ деп айта алмаймыз. Сондықтан, салық жүктемесін 10 пайыздан 1 пайызға дейін азайту көптің көңіліне жақты. Былай есептесек, бұл бастаманың игілігін елдегі 2 миллионнан астам адам көруі тиіс. Сонымен, жұрт не деп жатыр? Ел аузындағы пікірді Ғабит Бөкенбай қағазға түртіп, таспаға басты.

Ғабит БӨКЕНБАЙ

Хабарламаларға жазылу