«Қазақ тілінің мәртебесін арттыру жөніндегі жұмыстарды жалғастыру қажет». Осы аптада Президенттің «Парламент пен Үкіметтің жұмысы мемлекеттік тілде жүргізілуі тиіс» деген сөзін таратпаған, талқыламаған ақпарат құралы кем де кем. Барлығы ат басындай алтыны жоғалып, 26 жылдан кейін табылғандай, сүйінші жаңалық қылып жарыса жазды.
Сонымен, «Qamshy.kz» порталы Нұрсұлтан Назарбаевтың министр Дәурен Абаевты қабылдаған кезде айтқан жайттарына тоқталыпты. «Елбасы латын қарпіне кезең-кезеңмен көшудің маңыздылығын ескертіп, қазақ тілін үйрету әдістемелерін жетілдіру жайын жан-жақты зерттеуді тапсырды», - деп хабарлайды «Qamshy.kz».
Осы бір ақжолтай ақпаратты «Қазақ үні» басылымы да басқан екен. Мақаласына «Елбасы тіл тәуелсіздігін мәлімдеді» деп тақырып қойған Қазыбек Иса «Рухани жаңғыру өз жемісін беріп, жетістігін көрсетіп келеді. Оның жарқын мысалын мемлекеттік тілдің мәртебесін арттырар осы тапсырмасынан айқын аңғарамыз», деп ой түйген. «Ақордадан басталған ақсарбас бастама мен айқын нұсқауды әр ауылға дейін жеткізіп, іске асыру елдің әрбір азаматына байланысты екенін ұмытпайық». Иә, автордың бұл сөзіне біздің де алып-қосарымыз жоқ.
Ары қарай «Abai.kz»-те жарияланған мына бір мақалаға назар аудардық. Мұнда саясаткер Дос Көшімнің «Президенттің сөзі заңмен бекуі керек» деген пікірі басылған. Автор шенеуніктердің жоғарыдан нұсқау түспесе, былқ етпес бейғам тірлігін де сынап өтеді. Сондай-ақ, саясаткер дәл осы бұйрығы жұрттың бұл іс жүзеге аспай жатса, айтар сылтауларын да келтірген екен. Ондай сыныққа сылтау іздегіштер бізде «ілеспе аударма жасау мүмкіншілігі әлі жасалған жоқ» деп шыға келеді деп, білдірген қаупін де негізсіз дей алмассыз.
«Qamshy.kz» порталы оқырмандарынан «Атышулы «Қалаулым» бағдарламасы жабылатын болды», деп сүйінші сұрапты. Бұл ретте аталған хабар мазмұнына арнайы сараптама жасалған. Нәтижесінде, ток-шоудың ұлттық мәдениетімізге нұқсан келтіретіндегі анықталыпты. Осылай деп ұйғарым жасаған «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Мирас» республикалық кеңесі «бұл бағдарламаның жұмысына шектеу қою керек», деп ұсыныс жасаған. Ал, оны орындау мерзімі деп биылғы жылдың 25-сәуірі бекітілген.