Осылайша, Елбасы өткен жылдың қазан айында шығарған «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлығына өзгеріс енгізді. Былтыр латын әліпбиінің екі әріпті біріктіру арқылы бір дыбыс беретін диграфты нұсқасы ұсынылғанда, көпшілік құп көрмеген болатын. Кейін қазан айында Президент Жарлығымен апострофты яғни, дәйекшесі бар латын графикасы қабылданды. Бірақ, ол нұсқаны да жұртшылық жылы қабылдай қоймады. Қоғамда қызу пікірталас туды. «Биттеген әліпби» деп мін таққандар да табылды.
Латын графикасы негізінде ұлттық болмысты өрнектейтін жазу мәдениетін таңдауға қоғам жұдырықтай жұмылды. Қара орман халық, мұқым жұрт рухани өркениетке, болашаққа бейжай қарай алмайтынын шын жанашырлықтарымен көрсетті. Талқылауда қоғамға қозғау болған ұсыныстар мен бұқараның буырқанған пікірлері ескерілді. Апострофты әріптер болмайтын болды. Сонымен, ұлттық дүниетанымға негізделген 32 әріптен тұратын латын графикасындағы жаңа әліпбидің нұсқасы мынадай. Алты таңбаның яғни Ә, Ғ, Ң, Ө, Ү мен У әріптерін белгілейтін латын әріптерінің төбелері түртілген. Ал, Ш әріпі мен Ч әрпі латынның қосарланған әрпі арқылы яғни, диграф арқылы таңбаланған. Ең бастысы, ұлттық дыбыстау аппаратына сай келмейтін кириллицадағы басы артық әріптерден де арылдық.
Ержан ҚАЛЫМБАЙҰЛЫ