Қазақ ғылымының басынан қиқу кетпегелі қашан? Биыл тағы да шу шықты. Бұл жолғысы бұрыңғылардан өзгерек болып тұр. Негізі алып ағартушы Ыбырай Алтынсариннің:
«Өнер - білім бар жұрттар,
Тастан сарай салғызды,
Айшылық алыс жерлерден
Көзіңді ашып-жұмғанша,
Жылдам хабар алғызды.
Аты жоқ құр арбаны,
Мың шақырым жерлерге
Күн жарымда барғызды.
Адамды құстай ұшырды,
Мал істейтін жұмысты
От пен суға түсірді.
Отынсыз тамақ пісірді,
Сусыздан сусын ішірді», дейтіні бар емес пе? Болашақты нақ бағамдаған туынды бұдан бір ғасыр бұрын айтылса да, жаңа ғана жазылғандай әсер етеді. Шынымен де, адамзаттың бүгінгі орасан игілігінің барлығы осы ғылымның, жай ғылым емес, шын ғылымның жемісі мен жетістігі. Қалай дегенмен де, қазір ғылым өркениеттің өзіне айналды. Ал, бізде даудың өзегіне айналудан ары қарай аса алмай тұр. Басқа-басқа, ғылым саласы әділетті һәм жемқорлықтан таза болғаны абзал емес пе?! Мемлекеттің ғылымды қолдау үшін бөлген қаржысы біреулердің «бармақ басты, көз қыстысына» жем болмауы керек. Әйтпесе, даму дегеніміз жай бір даңғазаға айналады. Бірер апта бұрын шыққан ғылыми зерттеулерді гранттық қаржыландыруға қатысты конкурстың нәтижесі ғалымдардың біразын дүрбелеңге салды. Арасында жастар да аз емес. Бір топ ғалым заңбұзушылықтар болды деген уәждерін алға тартып, Бас прокурор және Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының атына, «Нұр Отан» партиясына ашық хат жөнелтті. Тіпті, алды Елбасынан араша сұрап, үндеу жариялады. Ал, «Ақ жол» партиясының депуттары болса, сыбайлас жемқорлыққа қатысты тексеруді талап етіп, Премьер-министрдің атына депутаттық сауал жолдады. Қазақ ғалымдарына ер-тоқымын бауырына алып тулайтындай не жағдай туды?
Ержан ҚАЛЫМБАЙҰЛЫ