Сонымен, кеңейтілген отырыста Елбасы ер-тоқымдары мойындарына кетіп сылбыр жүрген кей министрлер мен әкім-қараларды бір қамшылап алды. Шыны керек, бұл отырыстардың кейінгі жылдары «жұмсақ, жайлы» өткенін көз көрмепті.
Ақ жағалы ұлықтар сөздері мен істері алшақ болған соң, үнемі Елбасынан ескерту алып, сынға ұшырап жатады. Кемшілік көп. Оларға енді кеңшілік те жоқ. Кеңшілік жоқ екенін соңғы мерзімде қазына қаржысын қарпимыз деп ұсталып жатқан тойымсыз лауазымды тұлғалардың жағдайынын аңғарып отырмыз.
Бұрын шабақтар ұсталса, бүгінде семіз шортандардың өзі қармаққа түсуде. Әй бірақ, қоғамды жегідей жеген жемқорлық кеселі асқынбаса, айықпай тұр. Ең шымбайға бататыны – биліктің төрінде отырған, ел сенген, сырт көзге сүйкімі бар, тіпті, шетел көріп келген азаматтардың қомағайлығы – көңілді қынжылтады. Жон арқадан пышақ ұру деген осы ма?!
Үкіметтегі осы үлкен жиында Елбасы бизнестегі ахуалға, кәсіпкерлікке мән берді. Үкімет жоспарлы тексерістердің тоқтатылғаны жөнінде баяндайды. Бірақ, тексеруші орган қызметкерлері нің саны іс жүзінде қысқарған жоқ. Дүркін- дүркін тексерістен әбден діңкелеген кәсіпкерлер бекерден-бекерге шағымданбайды ғой.
Аш кенедей жабысып, жан-жақтан жұлмалайтын тексеруші органдар әлі де қаптап жүр. Оның үстіне көлеңкелі бизнеске де тосқауыл болмай тұр. Салықтан жалтарған Шығайбайлар миллиардтаған қаржыны қалтаға басып немесе шетел асырып отыр. Хош, осы тұстан дем басып, әріптеске тізгін ұстатайын. Үкіметтегі үлкен жиында қозғалған өзге де мәселелерді жіпке тізсін.
Дулат ЖЕКСЕНБАЙ