Мемлекет басшысының төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысының төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті

11.02.2018

Ақ Олимпаданың алауы тұтанған күні Ақорданың іргесінде алқалы жиын өтті. Олимпиада туралы сәл кейінірек. Алдымен, Үкіметтің есебіндегі ескертпе сындар жайлы. Негізі өткенді қорытындылап, алдағы жоспарды сүзгіден өткізетін бұл жиын жылда өтеді.

Дәстүрлі жиын қарсаңында дүйім жұрттың дүрлігіп қалатыны тағы бар. Ауыс-түйіс күтіп, айыз қандырарлық әңгімеге тұздық іздеп... Бір қызығы, сын айтылуындай-ақ айтылады. Бірақ міннің түзеліп жатқанын көрмейсің. Мысалы, банктердің басынан шіритінін Президент былтырдан бері айтып келеді.

Нәтиже нөл. Арандары шөл. Алатындары көл. Қазынаның ақшасы. Халықтың ақшасы. «Қайтарымы жоқ» деп қайырған Президент Бас банкирге «бізге өзі ұлттық банктің керегі бар ма?» деп сауал тастады.

Мұндай ұрлық-қарлық құрылыс саласында да батпандап жатыр. Осыны айтқан Президент Бас банкирден бәтуәлі жауап болмаған соң, Мәжіліс төрағасына бұл проблеманы реттейтін заңды тездетіп қабылдауды тапсырды.

Бірақ, бұл қаржы секторына қатысты мәселе осымен шешіліп кетеді деген сөз емес. Президент бизнеске береке бермейтін биліктің тексеруін тежеуді талайдан жағы талмай айтып жүр-ау. Сондықтан, қаһарға іліккен Қаржы министрінің шаңын қағып алды.

Ал, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі болса, еліміздегі өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендердің санын қайта-қайта санап әлек болып жүр. Нақтырақ айтсақ, олардың сайда саны, бойда жаны, ойда табысы болғанымен, салыққа қанша салып жүргенін есептей алмай әуре.

Сүйтсек, гәп - Салық кодексінің бір ғана бабында екен. Сауалға осылай сырғытып қана жауап бермек болған ендігі экс-министр Тамара Дүйсенованың екі көзімен жер шұқудан басқа амалы қалмады. 

Үкімет отырысынан кейін Президент Жарлығымен Тамар Дүйсенова қызметінен босап, оның орнына ұлттық экономика министрінің орынбасары болып жүрген Мәдина Әбілқасымова тағайындалды. Үш баланың анасы, қырық жасар Мәдина Колумбия университетінің түлегі. Әр жылдары Ұлттық экономика министрлігі мен Премьер-министрдің кеңсесінде жауапты қызметтер атқарған.

Хабарламаларға жазылу