Елдегі ірі саяси партия «Нұр Отанның» билігіне жаңа тұлға келді. Партия Төрағасының бірінші орынбасары қызметіне 47 жастағы Мәулен Әшімбаев тағайындалды. Ол бірнеше жыл Президент жанындағы стратегиялық зерттеулер институтын басқарды, Президент әкімшілігі басшысының орынбасары болды. Бүгінге дейін Мәжіліс депутаты, ондағы Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитеттің төрағасы қызметін атқарды. Бейсенбіде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев партияның орталық аппаратына барып, жаңа орынбасарды ұжымға таныстырды.
«Нұр Отанда» екі жылға жуық уақыт болған Мұхтар Құл-Мұхаммед енді сенатор. 57 жастағы Мұхтар Абрарұлының іскерлігін, шаруаға ширақтығын ел біледі. Сондықтан, Елбасы атқарған жұмысы үшін Мұхтар Құл-Мұхаммедке алғыс айтты. Ал, жаңа орынбасарды жаңа тапсырмалар, жаңа міндеттер күтіп тұр. Оның ішінде, «100 нақты қадам» – «Ұлт жоспары», Индустрияландыру бағдармасы, «Нұрлы жол» сияқты мемлекеттік жобалардың орындалуын партия жіті қадағалауы тиіс. Кәсіпкерлікті тұншықтырмай қолдау, жемсауыты кең жемқорлармен күрес, әлеуметтік бағдарламалардың мақсатты іске асуы партияның назарында болмақ.