2017 жылы еліміз сот ісін жүргізудің сапасы жағынан 190 елдің ішінде 5-орынға шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

2017 жылы еліміз сот ісін жүргізудің сапасы жағынан 190 елдің ішінде 5-орынға шықты

28.01.2018

Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асанов бұл апта қарамағандағыларды сын садағына алды. Өткен жылғы жасаған жұмыстары туралы көңілді күпті ететін есеп-қисаптарымен жеткен облыстық соттар мен судьяларға «сан мен есеп емес, адам тағдыры алғашқы кезекте тұру қажет», деді. Қарапайым сот актісін түсінікті етіп жаза алмайтындарды да бір түйреп өткен ол қазыларды жұмысқа тамыр-таныс арқылы емес, қатаң іріктеу арқылы алуға аса мән берілетінін ескертті. Ал, сауатсыз соттар бұл саладан қуылады. Жақып Асанов Алматыдағы Әуезов ауданының бір судьясы бір күнде 12 істі қарайтынына да тоқталды. Сосын «адам тағдырын конвейерге айналдырсақ, сапа қайдан болсын», деді. Жоғарғы Сот төрағасы жас судьяларды іріктеу талабын күшейтіп, қағазбастылықтан арылу үшін электронды жүйеге көшу керектігін айтты. Саладағы тағы бір түйткіл, соңғы кезде ағасы інісінің, әкесі баласының үстінен арыз жазатын келеңсіздік белең алған. Сондықтан, мәселені сотқа дейін шешетін институттарды дамытқан абзал. Мәселен, батыс елдерінде мұндай мәселелерді телефон арқылы жарты-ақ сағатта шешетін органдар бар. Жақып Асановтың сөзінше, кейбір проблемаларға қарамастан, сапа артқан. Қазақстан соңғы үш жыл бойы әлемдегі үздік он елдің қатарында. Мысалы, былтыр сот ісін жүргізудің сапасы жағынан 190 елдің арасынан 5-орыннан көрініппіз. Себебі, соттарға 1 млн. 350 іс түскен. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 11 пайызға артық. Әсіресе, азаматтық істер 5 жылда екі есе өскен. Яғни, 2013 жылы 560 мың болса, былтыр 900 мыңға жетіпті. Ал, өткен жылы бітіммен аяқталған даулардың үлесі болса 4 пайызға жеткен.

Цифрландыру бағдарламасына сай, алдағы уақытта виртуалды соттар пайда болады. Бұл азаматтардың үйлерінен шықпай-ақ немесе шетелде жүріп те сот отырыстарына онлайн режимде қатысуына мүмкіндік береді. 1-наурыздан бастап ауданаралық тергеу соттары, облыс орталықтары сондай-ақ, Алматы мен Астана қалалары осы жүйені іске қосады.

Хабарламаларға жазылу