Әлемде талай қызық бар. Бұл – америкалық Майкл Рубино есімді азамат. Осыдан 20 жыл бұрын ол репродуктивті клиникалардың біріне донор ретінде өзінің ұрық жасушасын тапсырған. Оны бала сүю қабілетінен айырылған отбасылардың қолдануына рұқсатын берген. Және болашақта өзінен тараған балалар кездесуге ниет танытып жатса, қарсы еместігін білдіріп, өзі туралы толық мәліметті де қалдырады. Нәтижесін өздеріңіз көріп отырсыз. «Майклды неге мысалға келтіріп отыр?» дерсіз. Қазір «ұрық доноры» отандық медицинада да кеңінен қолданылып жүр. Естіген құлаққа түрпідей тиері анық. Арнайы медициналық тексеруден өткен донор өзінің аталық жасушасын кез келген клиникаға тапсыра алады. Репродуктолог мамандардың айтуынша, еркек белсіздікке ұшыраған жағдайда амал жоқ, ол отбасыға осы донордың ұрығы салынады. Олар үшін балалы болудың жалғыз амалы осы ғана. Донордың көмегіне жүгінетіндер бізде аз емес. Арасында жалғызілікті қыз-келіншектер де, отбасылы адамдар да бар.
Статистикаға көз жүгіртсек, жыл сайын тек бір клиникада дәл осы жолмен 70 бала дүниеге келеді екен. «Қайтсем балалы болам» дейтін олардың жан қасіретін де түсінуге болар, әрине. Бірақ, бізді алаңдататыны басқа нәрсе. Ұлт тағдыры. Мысалы, бір донор өзінің аталық жасушасын 20 рет тапсыра алады. Демек, ертең еліміздің түкпір-түкпіріндегі 20 отбасыда бір әкеден тарайтын 20 ұл-қыз бойжетіп, ержетіп шығады деген сөз. 20-30 жылдан кейін осы балалар бір-бірімен кездейсоқ танысып, отасып жатса, не болмақ? Тексіздікке соқтыратын үрдісті қалай тізгіндеуге болады? Шымбайға батқан шындықты Шынар Асанқызы айтады.
Шынар АСАНҚЫЗЫ