Мәйітхана мамандары тозығы жеткен ғимараттарда жұмыс істеуге мәжбүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәйітхана мамандары тозығы жеткен ғимараттарда жұмыс істеуге мәжбүр

21.01.2018

Анығында, тіріден гөрі өліге құрметіміз өзгешелеу халықпыз. Абайдың: «Осы, біздің қазақтың өлген кісісінде жаманы жоқ, тірі кісісінің жамандаудан аманы жоқ болатұғыны қалай?» дейтіні бар емес пе? Алайда, елдегі мәйтханалар мәселесіне келгенде үніміз шықпай, маймөңкелей береміз. Әлбетте, өмір бар жерде өкінішке қарай өлім де бар. Халық өскенмен, еліміздегі мәйітхана саны бар-жоғы 105 қана. Тіпті, Алматының мәйітханасында мүрделер жерде шашылып жатқанын естігенде, жаның түршігеді. Ал, шалғайдағылар көз жұмған жақындарының денесін алып, облыс орталығына сандалуға мәжбүр.

Ал, сот- сараптама жасайтын мамандардың әлеуметтік ахуалы тіпті сорақы. Олардың мәртебесі дәрігер болғанымен, ақ халаттыларға жасалатын әлеуметтік көмектерден қағылып келеді. Мәселен, мәйіт тігетін кезекші дәрігердің айлығы 30 мың теңгенің айналасы. Неге мәйітхана маңын жемқорлық жайлап, тірілер мүрдені алу үшін сауда жасауға мәжбүр болатыны енді түсінікті шығар?!

Ол аздай, Астана мен Алматыдағы мәйітхана мамандары жертөлелерде, тозығы жеткен ғимараттарда жұмыс істеуге мәжбүр. Мұндай жағдайда олардың ауру жұқтыру қаупі 50 пайыз. Мәйітке сараптама жасайтын 82 дәрігер туберкулез бен түрлі вирустар жұқтырып та үлгерген. Дүние салғандары да бар. Сондықтан, сараптама қызметкерлері жаппай жұмыстан кетіп жатыр. Көптен шешім таппай келе жатқан мәйітхана мәселесі осы апта Мәжілісте өткір көтерілді.

Индира БЕГАЙДАР

Хабарламаларға жазылу