Қара жерді қанға былғаған соғыстан соң құрылған бір ұйым бар. Біріккен Ұлттар Ұйымы. Әлемдік саясат сахнасындағы әлеуеті мықты бірлестік. Жер бетіндегі 200-ге жуық мемлекеттің басын қосқан ұйымның құрылымы да сан салалы. Бас ассамблея, Бас хатшылық, Сот жүйесі, ЮНЕСКО, ЮНИСЕФ, МАГАТЕ, ДСҰ. Бір ғана Қауіпсіздік Кеңесінің өзі жаһан жұртын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайды. Міне, осы кеңеске сайланбалы мүше болғанымызға бір жылдан сәл асса, кеңестің өзіне қазақтың төрағалық еткеніне бүгін тура 14 тәулік.
БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне сайланбалы мүше болу - сайып келгенде екінің бірінің қолынан келетін іс емес. Өйткені, бұл кеңестің бес мүшесі тұрақты болса, қалған он мүшесі бес-бестен, кезекпен, әр екі жылға уақытша сайланып, сосын мүше елдер әр ай сайын кеңеске төрағалық етіп отырады. Әрі әлем елдеріне санкциялар салып, бітімгерлік күшті енгізіп, соғыс операцияларын тоқтатуға тікелей әсер ете алатын да -дәл осы Кеңес.
Ал, Қазақстан Орталық Азия елдерінің арасынан осы кеңеске мүше болған алғашқы мемлекет. Демек, БҰҰ мүше 200-ге жуық елдің бұл кеңеске бізді сайлауы тегін емес. Есесіне, елге артылған сенім үдесінен шығу - біз үшін басты міндет. Сондықтан, осы жауапкершілікті абыроймен атқару үшін Қазақ елі Қауіпсіздік Кеңесінің алаңында ондаған жиын өткізіп, жер жаһанды толғантқан мәселелер төңірегінде пікір өрбітетін шаралар ұйымдастырмақ. Солардың ең сүйектілері келер жетіде Қазақ Президентінің АҚШ-қа арнайы сапары кезінде өтеді. Сонымен, Қазақ елі БҰҰ ҚК-де қандай тақырыптарды талқылайды? Саяси шолушымыз Айбек Қобдабай тарқатып көрсін.
Айбек ҚОБДАБАЙ