Сирия бойынша Астана келіссөздерінің сегізінші кезеңі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сирия бойынша Астана келіссөздерінің сегізінші кезеңі өтті

24.12.2017

Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретіндегі міндеттерінің бірі -  жер-жердегі қақтығыстарды реттеу. Сондай қақтығыстардың бірі – Сирия жанжалы. Бұл ретте де Қазақстан өз миссиясын абыроймен атқарып келеді. Сирия бойынша Астана келіссөздерінің кешелі-бері сегізінші кезеңі өтті. Кездесуге келген барлық тараптар түрлі форматта мәжіліс өткізді. Кепіл үш мемлекет Сирияның болашағын айқындайтын конгреске қатысушылардың тізімін өзара келістіре алмай керісті. Ресей алқалы жиынға Демократиялық одақ күрдтер партиясының өкілі қатысуы тиіс десе, Түркия мен Иран оған үзілді-кесілді қарсы болды. Дегенмен, бұған дейін бір үстел басына отырмақ түгілі, тұтас елді тарсынып, сыйыспай жүрген Сирия үкіметі мен қарулы оппозицияның елордаға ат шалдыруының өзі жеңіс. Осыған қарағанда дағдарыстың түйіні тарқайтын күн де алыс емес сынды. Қазақстан бұл орайда диалогқа алаң ұсынушы ғана болғандықтан, жабық есік жағдайындағы жиындарда айтылғандардың барлығын біз айта алмаймыз. Сөйтіп, сегізінші келіссөздің күн тәртібінде деэскалация аймағын минадан тазартып, тұтқын алмасу, жоғалған азаматтарды іздестіру және Сочидегі конгрестің күн тәртібін бекіту мәселелері қаралды.

Негізі Сирия тас-талқан болып, ту-талақайға түсудің алдында тұрған. Туған елден үдере ауған миллиондаған жұрт пен оқ пен оттың арасында қалған тұтас бір буынның көз жасына ешкімнің жауап бергісі жоқ. Мүдделеріне жету үшін алып елдер алты жыл бойы Таяу Шығыстағы отқа май құюмен келді. Енді түбі көрінбей, сиырқұймышақтанып бара жатқан соғыстан олар да, әлем де, қақтығысқа қатысушы тараптар да қажып, қалжыраған. Ақыры алты жылға созылған Сирия сергелдеңінің аптығын «Астана процесі» басты.

Жылыстап бара жатқан жылдың ең басты геосаяси оқиғасы – Астана алаңына жаһанның алпауыттары Түркия, Ресей, Иран, АҚШ пен Біріккен Ұлттар Ұйымының өкілдері және Сирияның үкіметі де, оппозициясы да қатысты. Әрине, оларға қан қатқан қаруын тастап, жатқа айналған жақынымен бір үстелде отыру оңайға соқпағаны рас. Бірақ, соғыстан қажыған олар да, арқа тіреп отырған алпауыт елдер де бейбітшілік мекеніне айналған Алаштың бас қаласына бітім үшін аяқ басқаны анық. Бір рет емес, жеті рет кездесіп, алдымен ортақ коммюнике қабылдаған тараптар, дәл Астанада өткен келіссөздердің арқасында ақыры соғысты тоқтатып, шырқы бұзылған Шам елінде бейбіт тірліктің орнауына мүмкіндік берді. Елордада өткен «Астана процесінің» кезеңдері туралы Айбек Қобдабай тарқатады.

Айбек ҚОБДАБАЙ

Хабарламаларға жазылу