Мемлекеттік мереке қарсаңында мемлекеттік билікте бірқатар ауыс-түйіс болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекеттік мереке қарсаңында мемлекеттік билікте бірқатар ауыс-түйіс болды

17.12.2017

Расымен де ауыс-түйіс қана. Шеттен тосын ешкім тағайындалған жоқ. Конституциялық сот төрағалығына бұрынғы Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мамидің келуі, оның орнына бұрынғы Бас Прокурор Жақып Асановтың тағайындалуы, өз кезегінде, Бас прокурорлыққа Мемлекеттік қызмет істері мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Агенттігінің бұрынғы басшысы Қожамжаровтың отыруы, ал, оның орнына орынбасары Шпекбаевтың тағайындалуы Президенттің құқық қорғау саласында тәжірибелі мамандарға арқа сүйегісі келетінін көрсетсе керек. Оның үстіне бұл үшеуі де бұрынғы қызметтерінде біршама көзге көрініп үлгерді. Айталық, Қожамжаровтың ведомствосы соңғы жылдары әсіресе, сыбайлас жемқорлықпен күрес ісінде бірнеше ірі қылмыстың бетін ашып, оларды сотқа дейін жеткізді. Бұл істе осы бағытқа бас-көз болған орынбасары Шпекбаевтың қосқан үлесі қомақты болғаны да анық. Ал, Жақып Асанов өзі басқарған прокуратура жұмысына біршама жаңалықты батыл енгізуге тырысқанымен ерекшеленді. Оның ішінде осы саланы толықтай цифрландырып, тергеу істерін электронды жүйеге көшіру бастамасын айрықша атап өтуге болады.

Сырт көзге бұл тағайындаулар аяқ-асты кенеттен жасалғандай болып көрінуі мүмкін. Алайда, бұл ауыс-түйістің өз логикасы бар. Президент құқық қорғау саласы мен сот жүйесін реформалау қажеттігі жөнінде біраздан бері айтып келеді. Нақтырақ айтсақ, Президенттің атап өткен «100 нақты қадамында» да бұл мәселе ескерілген еді. Сол бағдарламадағы басты міндеттердің бірі – дәл осы құқық қорғау саласын жетілдіріп, жариялылықты енгізу болатын. Осыған орай, жақында ғана Парламент қабылдаған «Құқық қорғау қызметінің процестік негіздерін жаңғырту мәселелері туралы» тиісті заңға апта басында қол қойған Елбасы аталған салалардың басшыларын да ауыстыруды ұйғарған. Бірақ, жоғарыда айтып кеткеніміздей, бұл шаруада Елбасы ескі кадрларға сүйенуді жөн көрді. Апта соңында Үкіметте тағы бір өзгеріс болды. Вице-премьер әрі Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов орнынан босатылып, оның орнына Өмірзақ Шөкеев тағайындалды. Бұл шешімге де таң қалудың еш реті жоқ. Өмірзақ Шөкеев бұған дейін «Самұрық-қазына» Ұлттық әл-ауқат қорын басқарғанымен, оның алдында вице-премьер де болды, облыс басшысы қызметін де атқарған. Сондықтан, бұл қызмет оған таңсық болмауы тиіс.

 

Айбек ҚОБДАБАЙ

Хабарламаларға жазылу