БАҚ-қа шолу - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

БАҚ-қа шолу

17.12.2017

Елді руға бөліп, ұлттың жоғын жоқтаймын деу – доңыз тағалағандардың тірлігі. «АБАЙ.КЗ»-те жарияланған Жанұзақ Әкімнің осы мақаласына назар аударғанды жөн көрдік. Онда автор «соңғы кезде әлеуметтік желіде жастардың арасында, «Мен пәленше руданмын. Кім, қай рудан екендеріңді жазыңдар» деген жолдаулар мен оған жауап жазатындар көбейді... Біз, алтынға бергісіз бай шежіремізді ұлтты біріктіру үшін емес, керісінше, оны ру-жүзге бөлуге пайдаланып жүрген жоқпыз ба?!», - деп ортаға сауал тастайды автор.

«АБАЙ.КЗ» порталындағы елдік, ұрпақ тәрбиесіне қатысты тағы бір материал назарымызға ілікті. «Біз ел болғымыз келсе, рухты ұрпақ тәрбиелеуге міндеттіміз!» деп аталады ол мақала. «...Қоғамдық ортада Қытай әскері аса қуатты деген пікірлер жиілеп кетті. Алайда, шүршіттің саны көп болғанымен, әскери сапасы қаншалықты? ....Рух ең мықты қару. Кезінде ұлы қорғанды ғұндардан сақтанып салғанын бәріміз білеміз. Ол сәтте шүршіттің саны ғұннан жүз есе көп еді. Бірақ, рух жоқ еді. ...Біз де ел болғымыз келсе, рухты ұрпақ тәрбиелеуге міндеттіміз!» деп мәселе көтеріпті Асхат Қасенғали.

«Мемлекеттік сайттар атауы неге мемлекеттік тілде емес?» атты «Егемен Қазақстанда» жарияланған мақалада автор министрліктер мен әкімдіктердің және ұлттық компаниялардың ресми сайттарына шолу жасап шығыпты. Нәтижесінде, Үкімет құрамындағы 16 министрліктің төртеуі өз сайттарын орысша атауды жөн көрген екен. Үш министрлік қана қазақ тіліне басымдық беріпті. Қалғандары түгелдей ағылшын тілінде. Ал, әкімдіктердің интернет-ресурстары арасында Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстары ерлеп тұр екен.

Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев «24 сағат табиғат құшағында» жобасында қонақта болды, - деп хабарлайды «ҚАМШЫ.КЗ» ақпарат агенттігі. Иә, министр бұдан сәл уақыт бұрын берген уәдесінде тұрып, Ұлттық арна эфирінен шығатын реалити-шоу форматындағы бағдарламаға қатысқан еді. Онда Дәурен Абаев көрермендерді Үлкен Алматы көлінің таңғажайып табиғатымен таныстырып, Жоңғар Алатауының бөктерін мекен ететін барыстарды барлап қайтқан болатын.

Хабарламаларға жазылу