Олардың дені мемлекеттің үлесі бар ұлттық компаниялар. Еліміздің ең ірі деген компаниялары өз қаржыларын шетел банктерінде ұстайды. Ал, Үкімет Ұлттық қордан екінші деңгейдегі отандық банктерге триллиондап қаржы бөледі. Сөйтіп, болашаққа деп, қиын-қыстау заманда керек болады деп сақтаған қаржының басына су құяды. Ал, сол шетелде жатқан қаржы банктердің айналымында жүрсе, оларға мемлекет тарапынан көмек керек болар ма еді? Соңғы екі жылда Үкіметтен коммерциялық банктерге 4 млрд. доллар көлемінде қаржы бөлінді. Ал, Ұлттық компаниялардың шетелде тыққан ақшасының көлемі 12,5 миллиард. Бұл қаржыға бір емес, бес ЭКСПО көрмесін өткізуге болар еді. Инвестиция іздеп, жайымызға кеттік. Айналып келгенде қайтадан Ұлттық қорға қол сұқтық. Бір сөзбен айтқанда, қайтадан Президенттің пәрмені керек болды бұл істе. Үкіметке тапсырма берілді. Орындалмаса, Президент бұл шаруамен өзім айналысамын дегенге келтірді. Ал, Президент осы аптада тағы да бірнеше қабылдаулар өткізді. Ол жайында тілшіміз Ғабит Ұзақпай әңгімелеп берсін.
Ғабит ҰЗАҚБАЙ