Банк - қаржы институты ғана емес, коммерциялық ұйым. Демек, пайда табатын жер. Бірақ, біздің елдің банктерінде мұндай іскерлік болмай тұр. Қашан көрсең, қолын жайып, қордан ақша сұраумен келеді. Ал, шетелдерде олай емес. Сөйте тұра, біздің банктердің пайыздық үстемақысын көрсең көзің шығады. Шошисың. Таза халықтың қалтасын қағып, күнтелтеді. Ұлттық банк пен шетелден арзан мөлшерлемемен алатын қарызын халыққа үш еселеп үлестіреді де жатады.
Қазір отандық банктерге базынасы бар халық қажыған. Амалдың жоқтығынан, тарығып, торыққан соң барып несие алады. Әйтпесе, айлығы шайлығына жетіп тұрса, банк жағалап несі бар олардың? Ал, банк болса, жоғарыда айттық, пайызбен айызын қандырып жүре береді. Сондай банктердің былтырдан бері біразының басына бұлт үйірілді. «KazInvest» банк жабылып тынды. «RBK»-ға мемлекет қайта көмектеспек. «Delta» банктің де салы суға кетті. «QazKom»-ға қатысты қысыр әңгіме көп. Не керек, біздегі банктердің дәурені баяғыдай емес қазір. Неге? Бұл сауалға Айбек Қобдабай жауап іздеп көрді.
Айбек ҚОБДАБАЙ