Қырғыз ақыны Елбасыдан Атамбаев үшін кешірім сұрады. «Qamshy.kz» сайтында Жеңишбек Жумакадырдың өлең түрінде Нұрсұлтан Назарбаевтан Қырғыз президенті Алмазбек Атамбаевтың Қазақстанға қарата айтылған сыни пікірі үшін кешірім сұрап, шекараны ашуды сұрағаны жарияланды.
«Qamshy.kz» сайтындағы келесі бір мақалаға да шолу жасауды жөн көрдік. «Желіде латын әліпбиімен жазылған алғашқы ресми құжат пайда болды», - деп сүйіншілеткен екен сайт ұжымы. 26 қазанда Мемлекет басшысы қазақ әліпбиінің латын графикасындағы жаңа нұсқасын бекіту туралы Жарлық шығарған. Қазақстандық шенеуніктер ресми құжаттарды латын әліпбиімен жазуды бастап та кетті. Алғашқы құжат Солтүстік Қазақстан облысында жазылды. Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның прокуроры тұрғынның сауалына ресми жауапты латын графикасымен жазған екен.
«Қазақ үні» сайты «Әліпбиімізді әдейі қате жазып, арандатушылардан сақ болайық»,- деп мәселе көтеріпті. «Мемлекеттік әліпбиді келеке етуге ешкімнің қақысы жоқ» деген Қазыбек Иса мұндай әсіре-белсенділік әсіресе әлеуметтік желілерде белең алып бара жатқанына ашынады.
Алғашқыда бәрі тосын болатыны белгілі, ешнәрсе оңай қабылданбайды. «Көш жүре түзеледі» дегендей, бұл жаңа қазақ әліпбиіндегі 32 әріп енді 32 тістен шыққан соң, өмірде қолдану барысында сүзгіден өтетіні анық. Уақыт елегінен өтіп, өмір өз түзетулерін жасайтынын да ұмытпайық, - деп ой түйіпті автор.
Әліпбиге қатысты «Abai.kz» сайты да түрлі пікірлер топтамасын берген екен. «Бұл шешім – қазақ ұлтының рухани беталысын анықтайтын шешім», - деп жазыпты Ерлан Саиров. Осынау шешім қазақ ұлтының, біздің халықтың рухани-гуманитарлық беталысын, бағытын анықтайтын бірден-бір жол. Латын әрпі – біздің дәстүрлі мәдениетімізді дамытудың, әлемдік ғылыми айналымға ену жолындағы «рухани лифті», іргетасы болмақ.
Эстрада әншілерін «ұятсыз», «ұяты бар» деп бөлуге тура келеді. «Қазақ үнінде» Мейрамбек Бесбаевтың осылай деп ашына айтқан ойы басылыпты. «...Өзіміз сол қазанда қайнап жатқаннан кейін оған аса мән бермейтінбіз. Өнер адамы, әріптесім деп қарайтынбыз. Қазір әке болып, бала-шаға тәрбиелеп жатқаннан кейін, ол немен сусындап жатыр, біздің экран не көрсетіп жатыр деген сияқты қадағалаймын, - деген екен Бесбаев.
Нұрбол ҚАПЕШОВ