Елбасы апта басында Энергетика министрі Қанат Бозымбаевты қабылдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасы апта басында Энергетика министрі Қанат Бозымбаевты қабылдады

22.10.2017

Ел Президентінің жұмыс кестесі бұл аптада да тығыз болды. Бірнеше шетел мемлекеттерінің елшілері сенім грамоталарын тапсырды. Бірақ, басты назарда әдеттегідей экономикалық блок. Ақордаға бірнеше министр шақыртылды.

Президент Вице-премьер мен Ауыл шаруашылығы министрі қызметін қатар алып жүрген Асқар Мырзахметов пен стратегиялық маңызы бар сала - Инвестициялар және даму министрлігінің басшысы Жеңіс Қасымбекті қабылдады. Апта басында күз басталғаннан халықтың наразылығын тудырған жанар-жағармай мен көмірдің тапшылығына қатысты есебін тыңдау үшін Энергетика министрі Қанат Бозымбаевты да алдыртты.

Елбасына жағымды жаңалықтарымен ғана баруға әбден машықтанып алған министрлер бұл жолы да қол жеткізген жетістіктерімен аянбай бөлісті. Министрлердің есебіне қарағанда елімізде астық та бір дәні де ысырап болмай жиналған, мемлекеттік бағдарламалар да ойдағыдай орындалып жатқан көрінеді. Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, мыңдаған кәсіпорын іске қосылып, жүздеген мың адам жұмыспен қамтылған. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында атқарылған қыруар жұмыстардың жай-жапсары баяндады.

Бірақ, Бүкіләлемдік экономикалық форумның бәсекелестікке қабілеттілік рейтингінде Қазақстан жолдардың сапасы мен олардың бойындағы  инфрақұрылым жағынан 137 елдің ішінде 115-ші орынға тұрақтағанымыз жайында тіс жармады және ол орынға біз 107-ші орыннан құлдырап түсіп кетіппіз. Біздің алдымызға тіпті Уганда, Руанда, Намибия сияқты елдер шығып кетіпті. Ал, Зимбабве бізбен қатар тұр екен.

Бақытжан ОМАР

Хабарламаларға жазылу