Орталық Азияның геосаясаттағы орны мен рөлінің қалыптасқанына көп болған жоқ. Посткеңестік кеңістіктен постмодернизмге ұмтылған жұртты жаһанның жақсы танымауы сол советтік шекпеннің шеңгелі. Ширек ғасыр өтті. Ширақ қимыл, кесімді шешім, келісті кеңес, ымыралы ынтымақ, көп векторлы саясат, нарықтық экономика, азаматтық қоғамды алға жылжытудағы қажыр мен қайрат халықаралық қоғамдастық алдында төккен тердің бір тамшысы ғана. Аймақтағы әр ел Тәуелсіздік жылдары әлемге өзін дәл осылай танытып әлек болды әуелі.
Орталық Азия елдері - 3 млн. 916 мың шаршы шақырымға қоныс тепкен алып сахара. Еуропа танымаса да, ертеден қалыптасқан тарихы, дәстүрі өзіндік ерекшелігі бар. Осыдан 25 жыл бұрын аймақтағы халық саны 51 млн болса, қазір 68 млн-нан асады. Демографиясымен бірге, демократиясының да тамырына қан жүгіріп келе жатыр. Тек ауызбірлікке келгенде саусақтың бірікпей, иненің ілікпей қалатыны рас.
Айбек ҚОБДАБАЙ