Алтыншы мәрте жиналған алқалы жиынға Сирия Үкіметі мен қарулы оппазициясы, кепіл елдер — Түркия, Иран, Ресей, сонымен қатар, БҰҰ Сирия бойынша арнайы өкілі мен Иордания және АҚШ делегациясы қатысты. Женева жиыны жеміс бермеген соң, 6 жылға созылған соғысты тоқтатуға қосымша — Астана алаңы ашылған болатын. Жыл басынан бері өткізілген Астана процесі мәселені бейбіт реттеуге тың серпін берді. Кездесулер нәтижесінде Сирияда атысты доғару режимі күшейіп, 4 қауіпсіз аймақ құрылды. Зорлық-зомбылық біршама азайып, гуманитарлық көмек жеткізу реттелуде. Бұл жолы да тараптар қол жеткізілген келісімдерді нығайтуға уағдаласты. Елордада өткізіліп келе жатқан жиынға Қытай, БАӘ, Мысыр және Ливанның байқаушы ел болуға ниетті екендерін байқатты. Астана процесінің 6-шы раундын қорытындылаған кепіл елдер бірлескен мәлімдеме жариялады.