Оған расында да негіз жоқ. Логика бойынша алдымен коммуналдық тарифтер өсіп, содан ол тауар өндіруге кететін шығынды арттыруы керек. Содан барып шығатын өнімнің бағасы қымбаттайды. Ал, бұл жолы вагон локомотивтің алдына түсіп алып жөнелді. Нәтижесінде, қымбатшылықтан қарапайым тұрғындар да, қалталы кәсіпкерлер де жапа шегіп отыр.
Ұлттық экономика министрі бағаны негізсіз өсірмейміз деп тырысып, баққан еді, қолынан келмеді. Өйткені ол нарықтық экономиканың табиғатына қайшы әрекет. Қысқасы, елімізде өндіріс дамымай, сөрелерді шетелдік емес, отандық тауарлармен толтырмайынша бұл қымбатшылықтан еш құтыла алмаймыз. Тек ұсыныс сұраныстан еселеп асып түскен кезде ғана баға өсімі тоқтайды.
Кәсібі шетел тауарларына тәуелді болған кәсіпкерлер қажетті шикізаттың баламасын осында, өзінде өндіруге тырысып бақса, доллардың бағамына да соншалықты байланып қалмас еді. Ел Президентінің де жылдар бойы өндірісті дамытыңдар деп қайталап айтуының да себебі сонда.