Өзбек-қазақ қатынасы қай межеде еді, енді қай деңгейге көтерілмек? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өзбек-қазақ қатынасы қай межеде еді, енді қай деңгейге көтерілмек?

26.03.2017

Тәуелсіздіктің ширек ғасырында Орталық Азия аймағына көшбасшы болу үшін бақталас болып келе жатқан екі ел бар, деген құлақсіңді қоңылтақ әңгімені жиі естиміз. Кеңірек ойлап қарасаң, сыпаты айналымға әдейі енгізген арандатпа сөзге келеді.

Біздіңше, бар болғаны бауырлас өзбек пен қазақтың бір-бірін қамшылайтын рухани бәсекелестігін бақталастырған, басыбүтін бақас тірлік етіп көрсету ғана. Бір анығы, осы аралықта әр ел өз жолымен жүрді, өзінше дамыды. Ең бастысы – шаңырағын шайқалтпай мемлекеттігін нығайтты, дамудың жаңа деңгейіне жетті.

Иа, көптің есінде болар. Бұрнағы жылдары арада бірлі-жарымды қақтығыс пен кикілжің шығып, тіпті өзбек-қазақ шекарасында оқ атылып, опат болғандар болды. Оны жоққа шығармаймыз. Бірақ, жоғары деңгейде, қақтығыс болмаса саяси текетіреске жол берілмеді. Яғни, бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде қалды. Кебіміз тура «ырылдарсың, қаппассың, менен артық таппасың» еді.

Мәңгілік достық туралы шарт бекіткен бауырлас елдердің басшылары әр мәселені ақылға салып шешіп отырды. Тіпті, соңғы 5-6 жылдың төңірегінде байланыстың тамыры тереңдей түскеніне куә болдық. Сол игілік өзбектің жаңа Президенті Шавхат Мирзиеевтің Ұлы далаға келуімен стратегиялық ізгілікке ұласқандай. Бұл сапар өзбек-қазақ байланысының тұтас бір дәуірінің басы боларына сенім мол.

Өткенге үңілмей, болашақтың көшін көлікті ету алмағайып дүние. Сондықтан, өзбек-қазақ қатынасы қай межеде еді, енді қай деңгейге көтерілмек? Өткеніміз бір, өткеніміз ғана емес, жалпы түп-тамырымыз, терең тарихымыз тамырлас елмен арадағы  байланысымызды одан әрі тереңдету үшін не істемек керек?

Ержан ҚАЛЫМБАЙҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу