«Көк тудың желбірегені, жаныма қуат береді», деп ұрандатқалы ай толды. Рио-де-Жанейро шаһарында өткен үлкен Олимпиададан ұландарымыз, ұл-қыздарымыз оралды. Өкініш те, қуаныш та, өкпе де, шаттық та болды. Бір анығы – халық осындай бәсекеде бірігіп, тұтасып саңлақтарымызға сәттілік тіледі.
Кей ел жаһандық деңгейдегі жарыстарда бәйге салған жеңімпаздарына біз секілді мемлекеттік деңгейде құрмет көрсете бермейді. Тіпті, қаржы бөліп, қоржынын сайлап та әуре болмайды. Өйткені, ежелден шаһар салып, қойындас тұрған қауымдарда спорт әр адамның өзі үшін.
Мықтыларын Олимпиадаға жіберуге қаржыны халық жиып береді. Оның түрлі тәсілі бар, банктен есеп-шот ашады, қор құрады, интернет байланысқа жүгінеді. Жеңген, озған спортшыға сыйақы да бермейді, жарыстан оралған соң жарнамаға түсіп, еңбек-терінің өтемін қайтарады. Біздің елге бәйгеден аты озып, батыры жеңгені - зор мәртебе.
Ұлттың делебесін қоздырып, намысын қайрайтын, бір ұран, бір байрақ, бір мүддеге ұйыстыратын күш. Мұны саналық тұрғыдан салмақтамасақ та, түйсік итермелейтінін сезінген абзал. Аман болсақ, бұл мінез әлі біраз дәуірге жалғаспақ. Хош.
XXXI Жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстаннан 104 спортшы барып, спорттың 26 түрінен бәсекеге түсті. 17 медаль, жалпыға ортақ тізбеде 22-ші орын. Саңлақтарды кеше ғана ел болып ұлықтадық.
Мемлекет басшысы айтқан бір ауыз сөзді қайталайық: «Халықтың құшағында қысылып қалмаңыздар!». Президент бұл ретте елдің ықыласына, елдің ерекше құрметіне малданып негізгі мақсаттан, негізгі жолдан тайып кетпеңдер дегенді меңзесе керек.
Армангүл ТОҚТАМҰРАТ