Астана экономикалық форумында 3 мыңнан астам адам бас қосты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астана экономикалық форумында 3 мыңнан астам адам бас қосты

29.05.2016
Астана экономикалық форумында 3 мыңнан астам адам бас қосты
Талқы таразысына түскен тақырып: «Жаңа экономикалық шындық: әртараптандыру, инновациялар және білім мен экономика».

Жаһан жылдам өзгеріп жатыр. Геосаяси тектерістерден туындаған қазіргі қалып қырғиқабақ соғысты еске салып тұр. Бұл кеп әсіресе, дамушы елдерді діңкелетіп қойды. Әсіресе, біз мекен қылған аймаққа бұл уақыт оңай тиіп тұрған жоқ.

«Осы бір тепе-теңсіздіктің тереңі кімді, қай шыңырауға қалай тартса да біз түсінуге тиіс нақты дерек мен дәйектің бары рас»,-деді Қазақ Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астана экономикалық форумына жиналғандардың алдында.

Негізі дағдарыс – өзгерістер кезеңі деген философия бар. Адам ата ұрпағы дағдарысты ортақ күш-жігер мен пікір алмасу арқылы ғана еңсере алады. Ал осындай пікір алмасу алаңдарының бірі - Астана экономикалық форумы.

Тоғыз жыл қатарынан өтіп келе жатқан алқалы жиын ауқымы жағынан Давос пен Боао жиындарынан бір мысқал кем емес. Жаһанға ортақ жиын бұл жолы қандай тақырыптарды талқылады?

Жыл санап әлемдік дамудың кіндігі Еуразия құрлығына жылжып келеді. Оның ішінде Орта Азияның алар орны ерекше. Қарт құрлық пен Қытай елінің арасындағы Қазақ сахарасы мүмкіндіктер мекені. Әлемнің бизнес элитасының серкелері, экономиканың жілігін шағып, майын ішкен сарапшылар. Талай ғаламатты ойлап тапқан ғалымдар. Ұзын саны 3 мыңнан астам адам Астана экономикалық форумында бас қосты. Талқы таразысына түскен тақырып: «Жаңа экономикалық шындық: әртараптандыру, инновациялар және білім мен экономика».

Әйгілі «Алибаба груп» компаниясының жетекшісі Джек Ма, «Нью-Йорк Таймс» «әлемдегі ең салмақты экономист» деп атаған Джэффри Сакс секілді серкелер осында жүр.

Әрине, Дүниежүзілік сауда ұйымының бас директоры Роберту Азеведу мен Еуропалық қайта құру және даму банкінің Президенті Сума Чакрабарти секілді танымал тұлғаларды да топтан бөле-жара қарауға болмас.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Биыл біздің осынау достарымыздың қатарын Халықаралық валюта қоры, Боао экономикалық форумы сияқты беделді ұйымдар мен «Экономист» (The Economist), «Файнэншл Таймс» (Financial Times) сияқты әлемге танымал экономикалық басылымдар толықтыруда.

Форум жұмысына әлемге әйгілі ғалымдар, Нобель сыйлығының иегерлері, сонымен бірге, әлемдік инвесторлар және Американың, Еуропа мен Азияның ірі корпорацияларының өкілдері қатысуда.


Экономиканың супер кезеңі аяқталды. Даму тежеліп, өсім баяулады. Мәселен, 2015 жылы әлемдік экономиканың ішкі жалпы өнімі 3,1 пайызға төмендеді. Бұл тарихта болмаған тежелу. Мемлекет басшысы дүниежүзін дүр сілкінткен дағдарыстың түп төркінін дөп басып айтты.

Ең тиімді инвестиция адам капиталына құйылған инвестиция. Мемлекет басшысы Оңтүстік Шығыс Азия мен Африка елдеріндегі мектепке бармайтын 50 миллион баланы мысал етті.

Әлем жеткіншектерінің 45 пайызы өмір сүретін аталған елдерде 250 мың бала мүлдем хат танымайды. Нұрсұлтан Назарбев қалыптасқан үрдісті түбегейлі өзгертіп, тепе-теңдік орнату үшін 4 ұсыныс жасады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біріншіден, біз дамушы елдер мен кедей елдерде адам капиталының дамуына назар аударуымыз керек. Бірде-бір мемлекет сауатты, білімді және пысық адамдарсыз дами алмайды.

Екіншіден, экономикалық өсім болуы үшін табыс жаңа өнжіріске, білім беру мен денсаулық сақтау саласына және инфрақұрылымды дамытуға инвестицияланғаны жөн. Әйтпесе, қазір көп қаражат оффшорлық аймақтарда жатыр.

Қазір, оффшорда 30-дан 40 триллионға дейін доллар жатыр. Осы қыруар қаржының 1 пайызына салық салынса, дамушы елдердегі білім мен денсаулық сақтау саласын жаңа деңгейге көтеруге болар еді.

ЮНЕСКО-ның есебінше, кедей елдердегі балаларды біліммен қамту үшін 50 миллиард доллар қажет. Сондықтан, бұл мәселені шешу үшін халықарылық қауымдастық күш біріктіру керек, деді.

Президенттің үшінші ұсынысы экономикалық пайданы экологиялық мәселеден жоғары қоятын алпауыттарға қатысты. Жаһандық жылыну процесіне алаңдаулы екенін айтқан Қазақ лидері «СО 2» көмірқышқыл газының таралуына тосқауыл қою керектігін қадап айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Төртіншіден, әрине, әрбір ел ұлттық деңгейде кең ауқымды құрылымдық реформаларды жүзеге асырғаны жөн.

5 иституционалдық реформа Қазақстанның дағдарысқа қарсы іс-әрекет жоспары. Оған тұғыр болатын «100 қадам» жүзеге асса, Қазақ елі адам танымастай өзгермек.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қабылданған Ұлт жоспары – «100 нақты қадамға» икемделіп, жаңа заңнама қабылданды. Бұл әлемде болып жатқан теріс үрдістерге біздің беретін негізгі жауабымыз. Қазақстан 2050 жылға дейінгі ұзақмерзімді даму стратегиясын жүзеге асыру үстінде. Алдағы 10 жылдықтағы негізгі мақсат – үздік дамыған 30 экономиканың қатарына ену.


Қытайдың ең бай азаматы, инноватор, Алибаба тұғырнамасының иесі Джек Маның сөзі әсерлі болды. Оның ойынша, болашақ — ғаламтор мен тың технологияларда.

Джек Ма, «Аlibaba group» компаниясының төрағасы:
Біз адам ағзасының ішінде не болып жатқанын туралы аз ойланамыз. Қолда бар технология мен деректерді негізге ала отырып, алдағы 30-40 жылда адам денесінің сырын ашып, қатерлі ісік мәселесін түбегейлі шешеміз. Мүмкін енді бір-екі ғасырдан соң жер бетінде әр адам 200 жылдан артық өмір сүруге болмайды деген заң қабылданар.

Жалпы, жаһандық мәселелерді талқылайтын сұхбат алаңына 8 жылда 40 мыңнан астам адам қатысқан. 150 елдің белді бизнесмендері мен ғалым-зерттеушілері, 20-дан астам Нобель лауреаты ұтымды ұсыныстарын бөлісті. Сонымен қатар, 18 млрд долларға жуық қаржының 280 меморандумына қол қойылыпты.

9-шы форум тек қана Тәуелсіздік сарайында ғана емес, бір мезетте бірнеше жерлерде болды. Негізгі отырыс Қазақстан концерт залында өтсе, әлемдік ақыл-ойдың үздіктері саналатын Эдвард Прескотт, Кристофер Писсаридес, Томас Серджент сынды Нобел сыйлығының игерлері Назарбаев Университетінде дәріс оқыды.

Томас Сарджент, Нобель сыйлығының лауреаты:
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың әр бастамасының соңында үлкен ой жатыр. Еуропа мен Шығыс Азия елдерінде Давос форумы сияқты үлкен жиындар жиі ұйымдастырылады.

Ал, Астана экономикалық форумының өзектілігі осы екі ортадағы бос кеңістікті толтырып, тек жаһандық қана емес, тікелей Еуразияға қатысты тақырыптарды көтеруге және оларды шешудің жолдарын іздеуге мүмкіндік береді.


Астана экономикалық форумы, алдымен, инвестор тартуда таптырмайтын алаң. Ал, жиын аясында инвестициялық саммит өткізу сәтті идея. Әлемдік сарапшылар бұл кеңесті форумның ең маңызды отырысы санайды. Себебі, атқарушы билік алдағы 10 жылда 100 миллиард доллар инвестиция тартпақ.

Әсет Исекешев, ҚР Инвестициялар және даму министрі:

Қазақстанда шетелдіктердің қатысуымен 200 жоба жүзеге асуда. Алдағы уақытта сырттан инвесторларды тарту жұмыстарын күшейтеміз. Былтыр мұнай және тау-кен өндіру салаларына инвестиция төмендеді. Ал қазір табиғи қазбаларды өндіру, қайта өңдеу салаларына қызығушылық басым.

Форумда талқыланған тағы бір маңызды тақырып – «жасыл» экономикаға көшу үдерісі. Біздегі баламалы энергетиканың үлесі қазір 1 пайызға да жетпейді. Алдағы 4 жылда бұл көрсеткішті кемінде 3 пайызға, 2050 жылы 50 пайызға дейін жеткізу міндеті тұр. Бұл тұжырымды БҰҰ өкілдері жоғары бағалады.

Джихан Султаноглу, БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі:
Қоршаған ортаға қатысты барлық түйткілдерді бірлесіп шешкен жөн. Бұл орайда «жасыл» энергияны дамытудың заңдық негізін жетілдіруге үлес қосатынымызға қуаныштымыз. Осы мақсатта Қазақстанда ілгерілеу бар екенін зерттеулер көрсетіп отыр.


Бұдан бөлек, форумда әлемдік дағдарыстан шығу жолдары, экономикалық қиын кезеңді еңсеру сынды күрделі мәлелелер де талқыға салынды. Жиын барысында Қазақстанның жалынды жастарына америкалық компания грант бөлетінін хабарлады.

Давид Валера, Халықаралық сауда-серіктестікті дамыту ұйым жетекшісі:

Біздің тараптан көптеген секторға қызығушылық бар. Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше. Осының арқасында жүйелі жұмыс жүргізуге мүмкіндік мол. Қазір Назарбаев Университетімен бірлескен жобаларды қарастырып жатырмыз.

Бұдан бөлек, Астанада бірқатар сала бойынша компания ашуды жоспарлап отырмыз. Егер ол жұмысын бастаса, 200 жаңа жұмыс орны құрылады, ал болашақта 2000-ға дейін адамды еңбекке тартамыз деген жоспар бар.


Сондай-ақ, форумда компанияларды жекешелендіруге инвесторлар тарапынан қызығушылық басым болды. Елде мемлекеттік активтерді сату қарқынды жүріп жатыр. Алдағы 4 жыл ішінде 800-ге жуық компания жекенің қолына өтеді. Оның 217-сі «Самұрық Қазына» компаниясына тиесілі.

Берік Бейсенғалиев, «Самұрық-Қазына» АҚ АО жөніндегі басқарушы:

IPO нарығына шығатын 7 үлкен компания бар. Атап айтсақ: «Қазмұнайгаз», Қазақстан Темір Жолы, «ҚазАтомпром», Қазпошта, «Тау кен Самұрық», «Эйр Астана» компаниялары.


Екі күнге созылған экономикалық форумға әлемнің 90 елінен 3 мыңға жуық сарапшы, саясаткер, қаржы әлемінің көшбасшылары қатысты. Олар экономикалық өсімнің супер цикл аяқталғанын бір ауыздан мойындап отыр. Ендігіде нано технология мен ақыл-ойдың озық үлгісіне иек артқан елдер ғана оза шаппақ.

Ғабит БӨКЕНБАЙ

Хабарламаларға жазылу