Көлсай көлдері мен Шарын шатқалдарының кереметін көріңіз! - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көлсай көлдері мен Шарын шатқалдарының кереметін көріңіз!

29.05.2016
Көлсай көлдері мен Шарын шатқалдарының кереметін көріңіз!
Ұлттық арна тілшісі тамаша табиғатты аралап қайтты.

Қазақ қоғамы қара жердің қамы үшін қайтсек керек деп жатқанда «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының тілшісі жолға шықты. Жер жәннаты Жетісудың төңірегінде сіз бен біз тамашалап, демалып, туризмді өркендетуге таптырмайтын тамаша табиғатты аралап қайтты.

Көлсай көлдері мен Шарын шатқалдарының кереметін көремін десеңіз, Алматыдан шыққан адам көлікпен көп жүрмейді. Айналасы 4-5 сағатта тұнып тұрған тылсым мен ертегіні елестететін сиқырға толы мекенге жетесіз.

Көрікті мекенде қол қусырып қарап отырған жанды көрмейсіз. Табиғи парктегілер өз тірлігін бір сәтке де тоқтатпайды. Жоспарлы жұмыстан бөлек, түрлі шараларға ұйытқы болады. Тек бір әттеген-айы жолдың машақаты. Инфрақұрылым мен қызмет сапасының сын көтермейтіндігі.

Шынымен, Кегенге келсеңіз өкінбейсіз. Ауасы саф, табиғаты сары алтынға бергісіз тамаша мекен. Әлемге әйгілі Көлсай мен Қайынды көлдері де осында. Жол бойы жасыл желек, ну-орман.

Жандарбек Қасенов Райымбек ауданының тумасы. Өзі де, отбасы да бұл өлкеге жиі келеді. Адам басы 712 теңге төлесе болды, ұлттық парктің аумағына еркін кіресіз.

Жандарбек Қасенов, Алматы қаласының тұрғыны:
Қазақстан Республикасында әдемі жерлер көп. Біздің мына Райымбек ауданындағы Көлсай елді мекенін басқа жаққа басқа жерлермен салыстырады. Біз ойлаймыз, басқа елдерде жоқ, табиғаты мықты жер Көлсай.


Хамит Ахметов, «Көлсай көлдері» ұлттық паркі директорының орынбасары:

Қазіргі таңда Көлсай көлдерінде өсімдіктердің 705 түрі өседі. Сүтқоректілердің 50 түрі бар. Құстардың 297 түрі бар. Солардың ішінде атап айтатын болсақ, бұл Қызыл кітапқа енген сүт қоректілер қар барысы.


Бұл кадрларды ұлттық парк қызметкерлері биыл ғана түсірген. Эфирден алғаш рет көрсетіліп отыр. Көлсайда ресми санақта тұрған 15 қар барысынан бөлек, қасқыр, қоңыр аю мен арқар, елік сияқты жан-жануардың түр-түрі бар.

Мирас Мұқаш, тілші:
Келгеннен бері көзіміз тоймай, айналамызға қараумен келеміз. Табиғаттың таңғажайыбына тамсанумен келеміз. Бірақ, бұл жерде игерілетін де дүниелер бар екен. Мәселен, мына жерде 93-ші жылға дейін әйгілі ауданның балалары жазда келіп демалатын лагерь болған екен. Қазір қаңырап бос жатыр.

Сондықтан, инфрақұрылымға көңілді көп бөлген дұрыс. Жалаңаш елді мекенінің іргесінде Таңбалы тас деген жер осы. Ермек Құтеловтың балалық шағы өткен жер. Қазір немерелері асыр салып ойнап жүр. Шетелдіктер де көп келеді. Суы жанға дауа, дертке шипа.

Ермек Құтелов, Райымбек ауданының тұрғыны:

Туристер көп келеді. Бұл жерде орын болмай қалады жағдай жасалса. Көрдің ғой жолдың түрі анау, бұл жерде отырып демалатын жер жоқ. Жабайы ғой, жабайы демалыс бұл жер.

Жергілікті жұрт бұл жерге келетін жолдың жөнделіп, демалыс орындарының жаңарғанын қалайды. Өйткені, былтыр Көлсайға 15 мың турист келіп-кеткен. Биыл 18 мың адам келіпті. Арасында шетелдіктер де бар.

Хамит Ахметов, «Көлсай көлдері» ұлттық паркі директорының орынбасары:

Бұл республикалық маңызы бар жолдар. Хат жазғанның арқасында көп азаматтар қолдау көрсетіп, жөндей жұмыстарын биыл бастап жатыр. Бұрын осы жол мәселесін айтатынбыз.

Енді биыл Жалаңаш пен Сатының ортасындағы жолдың бетін тегістейміз деп жатыр. Сол келесі жылы арғы жылдары бітеді деген уәделері бар.


Сағыныш Азимов, экологиялық ағарту және туризм бөлімінің басшысы:

Биылғы жылы 9 коттедж, 1 қонақүйді бұзып, орнына заманауи қонақ үйлер салынады деп жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта 4 коттедж, 1 қонақүй жұмыс істеп тұр.

Демек, биыл бұл жер қалпына келтірілсе, келесі жылы туристердің саны екі есе артады деген сөз. Теңіз деңгейінен 1800 метр биіктікте орналасқан Көлсайдың тереңдігі 34-37 метр.

Ерболат Нұрахметов, «Көлсай көлдері» ұлттық паркі директорының орынбасары:

1875 жылы жер сілкінгеннің арқасында мына Көлсай өзені ағып жатқан кезде табиғи апат болып, тау қыртыстары төмен түсіп, осы Көлсай өзенінің бойында үш көл пайда болған. Тиктоникалық жер қыртысының құлауынан.

Көлсайдың айналасында жүре бергің келеді. Ауасының тазалығынан бәлкім қанша араласаң да тынысың тарылмайды. Қайықпен жүзіп, көз бен көңіл тынықтырғыңыз келсе оған мүмкіндік бар.

Мирас Мұқаш, тілші:
Көлсайдың суы тұп-тұнық, тап-таза. Тіпті астында жүзіп жүрген балықтарды анық көруге болады. Арғы жағалаудан бергі жағалауға дейін 1536 метр. Ортасына келгенде кішкене үрейленесіз, әрине.

Ары-бері жүйткіп, кейде шоршыған фарель балығын көргенде үрей сейіледі. Аулағымыз келген. Бірақ, қазір олар ұрық шашып жатқандықтан әзірге рұқсат жоқ.

Көлсай көлдері жасанды емес, табиғаттың тылсымы. Көлсай қызығына көз тоймай, Қайыңды көлін бетке алдық. Бұл жаққа жетелейтін жолға да жөндеу қажет. Қаздым-қаздым, ойылып жатыр. Бірақ, әбден машықтанған жүргізуші әп-сәтте керек жерімізге жеткізді.

Мирас Мұқаш, тілші:

Осы жерге келетін кезде жауын жауып кетті. Дегенмен, біз арнайы Қайыңдыға келдік. Бұл жерде шынымен де табиғаттың таңғажайыбына таң қаласың. Өйткені, алып қарағайлар судың ортасында өсіп тұр.


Бұл таңғажайып жер 1911 жылы жер сілкінісінен кейін пайда болған деседі. Қайыңдының да өз кереметі жетерлік.

Әділхан Батанов, туризм бөлімінің маманы:
Бұл шыршалар су толған кезде осы су астында қалып, қазіргі кезде жүз жылға жуық уақыт осы көл ортасында өсіп тұр. Қайыңды көлі қазір Жетісудің жеті кереметі дейді. Сол жеті кереметтің бірі болып саналады.


Осы керемет мекенді қорғау үшін жыл сайын «Саябақтар шеруі» деген шара өтеді. Бұл жасөспірімдерді туған жердің табиғатын аялауға баулу үшін ұйымдастырылады. Балалар жан-жақты атсалысатынын аңғардық. Біреуі құстарға ұя жасап әкелсе, біреулері қолөнермен үлес қосқан. Мұқағали туған топырақта бала ақындар да аз емес.

Жібек Мыңбаева, оқушы:
Көлсайым табиғаттың көркемі едің.
Көлде жүзген аққудай еркем едің.
Табиғатың от берер жанарыма.
Әсем де ғажайып бір өлкем едің.


Райымбек ауданынан жылжып, бағытты Шонжыға бұрғанбыз. Бұл жерде «Шарын» мемлекеттік-ұлттық табиғи паркі Кегенге іргелес орналасқан. Соқпай кете алмадық. Ең алдымен Ерен саяжайына аялдадық.

Құтлықжан Юнусов, «шарын» ұлттық паркінің бөлім басшысы:

Жалпы, бұл ағаш дүниежүзі бойынша екі-ақ жерде кездеседі. Канадада және осы біздің Алматы облысы, осы «Шарын» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында ғана кездеседі.

Бұл көрікті мекенге жылына 400 шетелдік келеді. 5 мың гектар аумақты алып жатқан саяжайдағы ерен ағашын қолдан өсіру өте қиын шаруа. Сондықтан құнды. Әлемнің екі жерінде кездесетіндіктен тамашалағысы келетіндер де көп. Шарында жүріп, Франция мен Автриядан келген туристерді кездестірдік. Табиғаттарыңыздың сұлулығын сөзбен жеткізе алмаймыз, десті.

Од Лями, турист:
Бұл керемет жер екен. Мен жалпы Шарын шатқалына ғана емес, Қазақстанға алғаш рет келдім. Айтарға сөзім жоқ. Әсерім тамаша.

Штайтс, австриялық турист:

Біз Австриядан арнайы келдік. Достарымыздан осындай тамаша жер бар деп естігенбіз. Қазір топ-топқа бөлініп аралап жүрміз.

Шарын шатқалы іргемізге тиіп тұрса да келмейтінімізге кейігенбіз. Бірақ туристердің мақтауы мерейімізді өсірді. Жақпарласқан жартастардың туризмді дамытуға таптырмайтын жер екенін түсіне бермейміз кейде.

Құтлықжан Юнусов, «шарын» ұлттық паркінің бөлім басшысы:

Бұл жарлардың биіктігі - 370 метр. Тастардың құрамында ең қатты деген элементтердің барлығы кездеседі. Сол үшін бұл тастар өз қалпында климаттық факторлардың әсеріне төтеп береді. Ғалымдардың айтуынша 5 мың жыл болған қатты өзгерістерге ұшырамаған.

Қызқарағайлары жайқалған осынау сұлу мекенде «Жасаған берген» деп емірене айтылатын жылы сөз бар. Жалаңашқа Жасаған шынында да тамаша табиғатты сыйға тартқан.

Сылдыраған суларындай мінездері мен еңселі тауларындай өрлік те бұл мекеннің азаматтарына тән. Сондықтан, бұл өлкеге бір келіп кетсеңіз, өкінбейсіз.

Мирас МҰҚАШ

Хабарламаларға жазылу