Жер жөніндегі комиссия қызу жұмыс істеп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жер жөніндегі комиссия қызу жұмыс істеп жатыр

22.05.2016
Жер жөніндегі комиссия қызу жұмыс істеп жатыр
Алып-қашпа әңгімелердің ара жігін ажыратып, түрлі пікірді таразының екі басына тең тартты.

Иә, Жер жөніндегі комиссия екі апта болды, елмен етене араласып, қызу жұмысқа кірісті. Алып-қашпа әңгімелердің ара жігін ажыратып, түрлі пікірді таразының екі басына тең тартты. Алайда, осы сәтті қара бастың қамы үшін пайдаланып, халықты қақ бөліп, іштен ірітіп, іргемізді сөгуді көздеген арандатушылардың да бары анықталды.

Жалпы, қадірлі ағайын, бірлік пен берекеге ұйыған Қазақ еліндегі бейбіт өмір кейбір пиғылы теріс топтардың қызғанышын тудыратын секілді. Бұлай тұжырым жасауға Алматыда осыдан екі бұрын қару-жарақ, жанармай құйылған құтылар, темір шоқпарлар мен 5 миллион теңге ақша табылғаны негіз болып отыр.

Қайта елдегі құқық қорғау органдары шұғыл әрекетке көшіп, бейбіт өмірдің берекесін қашырғысы келген қой терісін жамылған қасқырларды ұстады. Сондықтан, жер мәселесіне шынымен жаныңыз ашыса, сіз болып, біз болып, жұдырықтай жұмылып, мәселені ушықтырмай, керісінше, уығын қадасқанымыз жөн.

Бұл ретте әсіресе, қазақтың рухы бір қазанда қайнаса қабыспайтын іс, шешілмейтін шаруа болмайды. Ал, қызыл өңеш, сыңар езу тенденцияны тірек еткендерден жақсылық күту қате. Оған қоса, жер ісінде айғайға аттан қосу - әлсіздік, ал бабына бармай аптығу – бекер берекені қашырады.

20 мамыр. Алматыда полиция халықтың атын жамылып, теріс ойларын жүзеге асырғысы келген топты қолға түсірді. 5 адамнан тұратын қылмыстық топ жасырынған пәтерді тінту кезінде суық қарудың түр-түрі мен 5 миллион теңге табылды. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.

Арандатушы топтар мұнымен шектелмеді. Жедел қызмет ету органдарының өкілдері «Республика» және «Астана» алаңындағы арықтардан жарылғыш сұйықтық құйылған құты мен ондаған білтемір, бензин толы канистрлерді тапты.

Салтанат Әзірбек, Қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы:

Айта кететініміз, қала тұрғындары болсын, жалпы азаматтарға қандай да бір оқыс немесе қылмыстық әрекеттердің куәсі болсаңыз, біреуге күдігіңіз бар болса, міндетті түрде 102 нөміріне хабарлап, мәлімет етуіңізді сұраймыз.

21 мамыр. Елдің қиырында күн әдеттегідей тыныш өтті. Тек кейбір арандатушылыққа бой алдырған әрекеттер ішінара байқалғаны рас. Десек те, құқық қорғау органдарының жедел әрі ширақ іс-қимылдарының нәтижесінде заң бұзушылықтар болмады.

Қоғамдық тәртіпті сақтау үшін олар заңға сай шараларды қабылдады. Барлық жеке құрам күшейтілген режимде жұмыс істеп, үшінші топтардың ел арасына жік салуларына жол бермеді.

Алмат Әбдіраман, тілші:
Бабын тауып айтпасаң, балаң да жақтырмайтын заманда, үндемей қойсаң, үйдей пәле барын сезесің. 25 жыл бойы әлемге тұрақтылықтың бірегей үлгісін танытып, бірлікпен берекесін кіргізген Қазақ мемлекетінің көгеріп, өнуі кейбір теріс пиғылды топтарға ұнамайтын сияқты. Қу тақырға тамыр салып отырған жоқпыз.

Жер реформасына байланысты қоғамда қызу пікір талас тудырған жайттар кездесіп отыр. Күні кеше аққа дақ түсіргісі келген теріс пиғылдылар қылаң берді. Оралда әлеуметтік алауыздық тудырды деген күдікпен бір азамат ұсталса, Қарағандыда алаңға шақырғысы келген тұрғын қамауға алынды.


Әлеуметтік желілерге жүргізілген сараптама кезінде Орал тұрғыны жұртты дүрмекке итермелеп, ұлтаралық араздықты қоздырды деген күдікпен қамауға алынды. Күдікті «Уатсап» месенджері арқылы азаматтардың ұлттық ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлауға бағытталған пікірлер жазған. Осыған байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу алды амалдары басталды.

Халидолла Дәуешев, облыс прокурорының орынбасары:
Есентаевтың тұрғылықты жері мен жұмыс орнына тінту жүргізу барысында Украинаның туы мен 80 дана «Жаңаөзен» деген жазуы бар ақ түсті жеңге байлайтын мата белгілері табылды. Сондай-ақ, жүргізілген мониторингпен, жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыруға шақыру фактілері анықталды.

Ал, Қарағандыда полиция халықты алаңға шығуға шақырған үнпарақтарды аялдамаларға жапсырып жүрген қала тұрғынын ұстады. Тінту кезінде 22 жастағы жігіттің сөмкесінен хабарлама үзінділерімен бірге діни бағыттағы әдебиет те табылған.

Батырхан Смайылов, облыстық ІІД бөлім басшысының орынбасары:
Ұсталған азаматтың сөмкесінен діни бағыттағы әдебиет, жапсырғыш және қайшы, сондай-ақ, хабарландыру үзінділері тәркіленді. Азаматқа қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, діни бағыттағы әдебиет зерттеуге жіберілді, тергеу жүргізілуде.

Президент тапсырмасымен, қазір конструктивті пікір алаңы - жер реформасы жөніндегі комиссия тыңғылықты жұмыс істеп жатыр. Комиссияның құрамындағылар тек жер, ел, Тәуелсіздік деген ұғымның айналасында топтасқан. Сондықтан, бізге ел іргесінің беріктігі керек. Ал, айрандай ұйыған мемлекеттің шаңырағын шайқалтқысы келетін үшінші топқа тосқауыл қою керек.

Мұрат Жұрынов, ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті:
Менің ойымша, мынау бұқара халықтан шықпайды ондай. Ол бір арандатушылар аз ғана бір топ сондай бір осы халықтың тыныштығы қазақ халқының кеңдігі ұнамайтын біреулер болуы мүмкін. Сондықтан, оған байыппен қарау керек. Менің пікірім сондай, оны жақсылап тексеріп, арандатушылардың жазасын беру керек.

Серік Нұрмұратов, философия ғылымдарының докторы:
Кез келген қоғамды өзінің ішкі мәселелерін әр уақытта өзара келісіммен, өзара түсіністікпен шешіп отыру керек. Ежелден бірлікті, біртұтастықты сыйлаған халық әр уақытта көп мәселелерін шешіп отырған. Алға жылжып отырған.

Ал, ыдырап, жан-жаққа бөлініп, бөлшектенген халық кез келген басқа елдерге, басқа қоғамның теріс күштеріне жемтік болып кеткен. Сондықтан, халықтың іштей біртұтастығы үлкен құндылық. Осы құндылығымызды әр уақытта асыл қазына ретінде сақтауымыз керек.


Бақай есеппен бүлік салғысы келетіндердің тәсілі Тәуелсіздіктің тамырына балта шабуға бағытталғаны сөзсіз. Ал, егемен еліміздің ең басты құндылығы - татулық. Түрлі этнос өкілдері тұрмақ, бір халықтың өзі екіге қақ бөлініп, қақтығысып жатқанын күн сайын көз көріп, құлақ естіп отыр. Қазақ мемлекетінің бірлігіне көз тіккен көкшулан елдер қызыға да, қызғана да қарайды. Өйткені, 25 жылда толағай табысқа жетуіміздің ең басты құндылығы - тыныштық пен тұрақтылық. Аға буынның бұл тілегін жастар да құптайды.

Мұхаммеджан Бердалы, қала тұрғыны:
Басқа да түрлі ақпараттарға байланысты болып жатқан ақпараттарға біз, жастар бұған сенбеуге тырысуымыз керек.

Темірхан Нұрсұлтан, қала тұрғыны:
Енді бұл оқиға туралы мен естідім. Бұған енді, жастар эмоцияға берілмей, мұндайға ұрынып қалмасын деймін.


Жанарбек Бегалин, қала тұрғыны:

Жеке ойым, бұған жастар эмоциялық тұрғыда берілмеу керек. Әр түрлі жағдай болады. Бірақ, менің ойымша бұл дұрыс емес.

Қайыржан Есқали, қала тұрғыны:
Үйден қару-жарақ табылу деген ол енді дұрыс емес деп ойлаймын өзім. Әртүрлі ағымдар бар, қазір террористік бағыттағы. Соларға берілмей осы дұрыс жолда жүрулерін сұраймын.

Биыл, еліміздің Тәуелсіздігіне - 25 жыл. Осындай кезеңде мемлекеттің бірлігіне сына қағып, татулықты бұзуға жол жоқ. Қазақстан Президентінің егемен ел болып, әлем жұртымен иық тірескеннен бері әркез халықты бірлік пен берекеге шақырып, ұлтты ұйытқан сындарлы саясатының мәні, бұл.

Алмат ӘБДІРАМАН

Хабарламаларға жазылу