Әлеуметтік желінің әлеуеті мен кері әсері - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлеуметтік желінің әлеуеті мен кері әсері

15.05.2016
Әлеуметтік желінің әлеуеті мен кері әсері
Айналаңызға бір сәт назар аударып көріңізші. Көшеде, қоғамдық көлікте тіпті үйіңізде де. Қазір ұялы телефонға үңілмейтін жан өте сирек. Тіпті балаңыз да байланыс құралын басына жастап жатуды әдетке айналдырды. Ия. Айналаңызға тағы бір сәт қараңыз...

Шырмауықша шұбатылған әлеуметтік желінің қазір түр-түрі бар. Болмасын демейміз. Болсын. Заманына сай адамзат керекті ақпаратын алып, алыстағы дос-жаран, жақын-жуығымен араласуы үшін таптырмайтын дүние. Бірақ шырпы жақсаң тұтануға шақ тұрған қазіргі қоғамда желілерде желдей ескен түрлі қауесет пен гу-гу, арандатудың артуы - ақиқатын айқтсақ алаңдатады.

Берік Сұлтан, блогер:
Негізі әлеуметтік желі 2-3 жылдың ішінде үлкен бір күшке айналды. Тіпті, «қаруға» айналды десек те болады. Негізі, әлеуметтік желі әу бастағы мақсатынан айырылды. Ол бастапқыда таныстармен, достармен араласып, сурет салатын ақпараттық алаң еді. Ал, біздің елімізде ол қазір саясиланып кетті.

Блогер Берік Сұлтан әлеуметтік желіге жүгінетін жандардың бірі. Әлемдегі ахуалды, айналасындағы ақпаратты осы арқылы алады. Берік әлеуметтік желіні-баланың қолындағы пышақпен теңеді. Неліктен деп ойлайсыз?

Берік Сұлтан, блогер:
Бір өкініштісі көп адамдар әлеуметтік желідегі ақпараттың барлығын дұрыс деп есептейді. Ол жерде не жазылады соның бәрі ақиқат, шынайы деп ойлайды. Негізі бұл өте қате түсінік. Әлеуметтік желіде «фактчекинг» деген нәрсе бар. Кез-келген ақпартты халық оқырман, әлеуметтік желіде отыратын кез-келген адам тексеру керек. Өйткені қазір әлеуметтік желіге адамдар өз атымен емес бөтен атпен аккаунт ашып алып, ішіне неше түрлі елді араздатын, елді билікпен шағыстыратын түрлі-түрлі материалдар жазатын болды. Бірақ соның көбі өтірік.

Айшылық алыс жерлерден-жылдам хабар алдыратын да ғаламтор. Беріктен сұхбат алғанымызды бірер сәттен кейін көпшілік білді. Өйткені бұл сурет Facebook пен Instagram әлемін шарлап кетті.

Ең бастысы әлеуметтік желіге салқынқанды, сауатты қараған дұрыс. Әрбір ақпаратты ресми сайттармен салыстырып барып, өзгемен бөлісу алдымен өзіңіз үшін пайдалы.

Дәурен Бабамұратов, Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі:
Қауіпті діни ағымдардан, қылмыстық мәселелерден қорғау үшін бұқаралық ақпарат құралы ретінде әлеуметтік желі де белгілі бір деңгейде қадағаланып, бақылануы керек. Оның дәл солай қадағалап, бақылау үшін басқа ақпарат құралдарының рөлін арттырып, өсіру қажет.

Әлеуметтік желінің елімізде ғана емес әлемдегі ықпалы әуелеп барады. Мәселен, Коррупция мен ұйымдасқан қылмыстық зерттеу орталығы медиа тобы мен Халықаралық журналистік зерттеу консорциуымы және бірнеше әлемдік басылымдар панамалық заң компаниясының әшкере болған құжаттарын жариялап кеп жіберуі үлкен пікірлердің тууына сеп болды. Құпия құжатта дүниежүзі бойынша сан саламен айналысатын адамдардың жасырын есепшоттары анықталды.

Айгүл Зұлқайнарова, ҚР ДСӘДМ медициналық көмек ұйымының бас сарапшысы:
Жедел жәрдем қызметі тұрғындарға тегін қызмет көрсетеді. Әлеуметтік желідегі оның ақылы болатындығы жөнінде ақпарат шындыққа еш жанаспайды.

Сондықтан, әлем желідегі әр ақпарға үлкен жауапкершілікпен әрі сақтықпен қараған жөн. Бір қызығы күніне миллиондаған хабарлар мен пікірлер жазылатын осы әлеуметтік желінің кейде ізгі-қайыры да қарапайым халыққа көп тиіп жатады. Мәселен екі жастан асқан Ерасыл эпилепсияның «Веста синдромы» деген сирек дертке шалдыққан. Түрік мамандарына апарып емдету үшін 10 мың доллар қажет. Баланың анасы ақпаратты желіге орналастырды. Сенесіз бе осы желі арқылы Ерасылға қажетті қаржының біраз бөлігі жиналды.

Динара Медиум, Ерасылдың анасы:
Көрген адамдар хабарласып, сұрап жатады. Фейсбук, Инстаграмм, Вконтакте арқылы сіздің жағдайыңызды көрдік. Енді қалай көмектессек болады деп сұрап жатқандар болады.

Ерасыл Түркияның Измир қаласына барып ем қабылдап келді. Қазір тиісті диета ұстауы тиіс. Алайда тағы жеті рет шекара асуы керек. Анасы желіге тағы да жүгінеді. Өйткені ғаламторды тек қана өсек пен өтірік үшін емес, азаматтық пікірін білдіріп, адамдарға қолғабыс жасағысы келетінжандар да пайдаланады.

Аружан Сейіткәрім, оқушы:
Мысалы Инстаграмм. Вконтакте. Кейбіреуі Фейсбук, Однокласники және басқа желілерге кіріп жатады. Инстаргамм желісінде біз кез-келген адамның өзінің өмірі жайлы біле аламыз. Вконтакте желісі болса біз өзіміздің жақын адамдарымызбен сөйлесе аламыз және де байланыса аламыз.
Біз Алматыдағы мектептердің біріне келдік. Оқушыларды информатика пәнінің кабинетіне кіргіздік. Балаларға ғаламторға кіріңдер деп ешкім ескерткен жоқ. Бірақ көбі дереу Инстаграмм мен Вконтакте желісіндегі парақшаларын ақтаруға кірісті.

Әсем Саудабаева, психолог:
Әлеуметтік желінің бала психологиясына әсер ететін пайдалы жағы да бар. Бірақ, пайдасыз жағы да жетерлік. Пайдалы жағы – баланы ақпаратты дер кезінде алуға көмектеседі. Яғни, баланы ізденімпаздыққа үйрете біледі. Пайдасыз жағы – баланың өз уақытын тиімсіз пайдалану дағдысын төмендетеді. Яғни, уақытты тиімді пайдалана алмайды. Бұл жағдайда ең бірінші ата-ана баланың әлеуметтік желіде отыру уақытын шектей білуі керек. Әр уақытта қадағалау керек.

Ғаламторға тәуелділік пайда болса, одан баланы шығару қиын. Сондықтан ең бастысы балаларымыздың сақтығын алдыңғы қатарға қою керек.

Дәурен Бабамұратов, Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі:
Әлеуметтік желінің салдарынан қаншама оқушылар, бүлдіршіндер әртүрлі қылмыстың құрбанына айналып жатыр. Мәселен, жастар бір саяси күштердің де ырқында ойыншық боп кетуі мүмкін. Сондықтан осы тұрғыдан келген кезде әлеуметтік желі қазақ қоғамын 100 пайыз жаулап алуына, баурап алуына өз басым қарсымын.

Ел арасына іріткі салатын да, арбап алып, ағайынмен араздастыратын да, кейде өз отаныңды өзіңе қарсы қоятын да әлеуметтік желі екені естен шықпасын. Біз мектепте жүргенде бір оқушы ешқандай желіге кірмей әдемі сурет салып отырды. Қазақ балалалары шырмауыққа шырмалмапты деп қуандық. Ал, Сіз айналаңызға тағы бір сәт назар аударып көріңіз. Әлеуметтік желіге қарағанда, төңірегімізде тамашалайтын керемет дүниелердің көп екенін ұмытпаңыз.

Мирас МҰҚАШ

Хабарламаларға жазылу