Астанада жер мәселесіне қатысты құрылған комиссияның алғашқы отырысы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада жер мәселесіне қатысты құрылған комиссияның алғашқы отырысы өтті

15.05.2016
Астанада жер мәселесіне қатысты құрылған комиссияның алғашқы отырысы өтті
Жер кодексіндегі жұртты алаң қылған 4 бапқа Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың мораторий жариялағанын білесіз. Бұл шешіммен бірге Мемлекет басшысы үкіметке арнайы комиссия құруды тапсырған. Мақсат – қоғам қабылдай алмаған құжатты сараптап, барлық тараптың пікірін елеп-ескеріп, ортақ ұсыныс әзірлеу. Комиссияға 75 адам мүше. Сол 75 енді 17 млнды елең қылған мәселені екшемек.

Алдымен регламент бекіді. Әр спикер 5 минутта ұсыныс-тілегін айтуы шарт.

Кеңеске Үкімет пен Парламент өкілдері, қоғам белсенділері, ірі шаруашылықтардың жетекшілері және ел сөзін ұстаған жақсылар мүше. Мақсат – кеңесіп, келісіп бір байлам жасау. Десе де, комиссия мүшелерінің ішінен жиынның жариялылығына күмән келтіргендер де болды.

Мырзатай ақсақал Жолдасбеков - халықты тек жер мазалап отырған жоқ дейді. Басқа да мәселелер бар.

Мырзатай Жолдасбеков, Мемлекет және қоғам қайраткері:
Біз Тәуелсіздіктің туын тіккен адамдармыз. Жер сылтау ғана. Әділетсіздік бар. Билік басындағы отырған адамдар халық білмейді деп отыр. Қаншама адам сотталып кетті. Тіл бар. Осындай мәселелер халықты ашындырады. Ашу алысқа апармайды. Украина, Араб не болды? Ынтымақ, бірлік болмаса бәрі бекер.

Жер жалға беру, өз азаматтарымызға сатудағы мақсат жерді өзгенің қанжығасына байлап беру емес. Ие табу, экономикалық маңызын арттыру. Бұл министр Мырзахметовтің сөзі. Өйткені нарық заңы уақытты көп күтпейді.

Асқар Мырзахметов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
Енді 108 миллион га жайылым, егіндік, тыңайған жерлер. 243 мың егістікке жарамды жер. Әлі күнге дейін айналымға қосылмаған. Жер шетелдік азаматтарға сатылмайды. Азамат резиденттен жер сатып алуына жол жоқ. Нотариустер рәсімдемейді. Тек жалға ала алады. Елімізде жекенің еншісіндегі ауыл шаруашылық алқаптары дұрыс игерілмей, қараусыз қаңырап жатыр.

Ауыл шаруашылығы жыл сайын миллиардтаған субсидия алады. Бірақ одан қайыр жоқ. Қазақстан – агро индустриялды мемлекет болам десе жер игерілуі керек. Иесі, бабы бар жер ғана сапалы өнім бермек.

Ақылбек Күрішбаев, Агротехникалық университетінің ректоры:
Мұнай дәуірі аяқталды. Неге ауыл шаруашылығы дамымайды? Канада біздің солтүстік өңірлермен бірдей. Оларда 30 центнер, бізде неге 12 центнер? Олар 20 миллиард шығарса, бізде 2 миллиард.

Мұхтар Тайжан, қоғам қайраткері:
Заңды өзгертуіміз керек. Жұмыс тобын құрайық, мен сол топпен бірге жұмыс істеуге даярмын.

Комиссяның түпкі ойы келісу. Бірақ қандай шешімге келіспек, әрине алғашқы отырыстан дөп басып айту қиын. Дегенмен жерді игеріп, бұл күнге дейін ежептәуір технолгия тартқан шаруалар жекеге бергенен ел ұтылмайды дейді. Дәлел-дәйекті пікірлері де бар.

Жалпы, жерді жалға беру әлемдік тәжірибеде бар жүйе. Бірақ қазіргі қоғам бұған күмәнмен қарап отыр. Оны түсінуге де болады.

Жер мәселесіне қатысты пікір сан түрлі. Бірақ кеңесте көтерілген ұсыныс тілектердің әзірге қалай қайтіп сұрыпталатыны белгісіз. Сондықтан кейбір белсенділер заңды қабылдайтын Парламенттің жанындағы жұмыс тобына қатысуға дайын екендіктерін жеткізді.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:
Бір кісі жер жалға берілсін дейді. Біреуі жоқ дейді. Қанша адам болса соншама пікір бар. Бір жүйеге келтіреміз.

75 адам жер мәселесін отырып шеше салмайды. Әр облыста әкімдік жанынан қоғамдық кеңес құрылды. Өңірде өз ойымды айтсам, пікірімді білдірсем деген адамдардың ойы елеп, ескеріледі. Демек, әр қазақстандық осы мәселеге үн қоса алады. Ал, халық сүзгісінен өткен қорытынды құжатты Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі мақұлдамақ.

Ғабит БӨКЕНБАЙ

Хабарламаларға жазылу