Ертең Ұлттық арнада Қанат Исламның жекпе-жегі көрсетіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ертең Ұлттық арнада Қанат Исламның жекпе-жегі көрсетіледі

08.05.2016
Ертең Ұлттық арнада Қанат Исламның жекпе-жегі көрсетіледі
Қанат Ислам – кәсіпқой бокста «Қазақ» деген атпен танымал. Адуынды сайыпқыранның қимылы жылдам, соққысы жойқын. Ол қазір кезекті жекпе-жекке қызу дайындалып жатыр.

Қанатты қанатының астына алған Бауыржан Оспанов. Спортқа, оның шінде боксқа жанашыр жігіт ағасы Қанатты Қытайда жүрген кезінде елге алдырып, үй-жайын реттеп, бокспен айналысуына барынша жағдайын жасады. Дараланып, даңқын шығару үшін емес, қазақ елінен қазақ боксшысын, қазақ чемпионын шығару үшін. Талай байрақты бәсекеде қаржылай демеу көрсетіп, Қанаттың спорттағы карьерасында биіктерді бағындыруына сеп болды.

Бауыржан Оспанов, кәсіпкер:
Қанат мүмкіндік болса Қазақстанның атынан барса деген ой болған. Егер оған бара алмай жатса, кәсіпқой боксқа жарап тұрған жігіт. Сол жерде қолдаймын дегенмін. Олимпиадаға өздеріңіз білесіздер өте алмай қалды. Қытай еліне қайта шақырып еді барған жоқ. Өйткені ол сөзін ұстайтын жігіт. Елге келдім, елдің атынан ғана шығамын деді.

Қанатты қанаттандырған бапкердің бірі – Нұрлан Ақұрпеков. Оның айтуынша, Қанат Исламның бойындағы қажыр-қайрат екінің бірінде жоқ. Әсіресі оның техникасы шапшаң. Екі қолымен де жақсы бокстасады. Бапкердің айтуынша Қанаттың бойында қайнаған намыс пен қажырлы қайрат оны тек чемпион болуға жетелейді.

Нұрлан Ақүрпеков, «Astana Arlans» клубының бас бапкері:
Оның соққылары өте ауыр және өзіне соққы жібермей, шапшаң қимылдайды. Оның тәжірибесі жеткілікті. Ол қазір нағыз бабында. Енді Қанат Ислам бізді тек қана жеңісімен қуантады деп сенемін.

Бокс майталмандары Қанаттың күш-қуатын жақсы біледі. Оның осы жолғы қарысыласы да қолына енді қолғап киген боксшы емес. 28 жастағы Хуан Де Анхель де қазір дайындық үстінде. Қазір екі мықтының сайысы туралы болжам көп.

Ермахан Ыбырайымов, Олимпиада чемпионы:
Қанаттың соққылары Генадий Голвкиннің соққылары сияқты өте ауыр. Әр соққысына жеке көңіл бөледі. Алдыңғы джебімен ол өзінің қарсыласын әбден шаршаттырады. 6-шы немесе 7-ші раундта Қанат Хуан де Анхельді нокаутпен жеңеді деген сеніміміз бар. Сондықтан, алға Қазақстан, алға Қанат Ислам!

Серік Сәпиев, Олимпиада чемпионы:
Қанатқа бүкіл Қазақстан жанкүйер болады. Біз оған сенеміз. Енді нокаутпен жеңеді деп ойлаймын. Қанатты білемін. Ол әбден дайындалды. Оның соққысы өте мықты.

Қанаттың үзеңгілестері мен жанкүйерлері одан тек жеңіс күтеді. Үлкен спортта жеңіске бергісіз жеңілістер мен баяны жоқ жеңістер болады. Бағы мен бабы келіспесе шашасына шаң жұқпаған шын жүйрік те шарасыздыққа шалынады. Бабы келіскен батырдың бұл жолы бағы жанар ма екен?! Оған ертең, 9 мамыр күні сағат таңғы 07:00-де Ұлттық арнадан куә бола аласыздар!

Айбар ТӨЛЖАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу