7 мамыр – Отан қорғаушы күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

7 мамыр – Отан қорғаушы күні

08.05.2016
7 мамыр – Отан қорғаушы күні
Кез-келген елдегі прогресс қорғаныстың қуаты мен әскердің әлеуетімен өлшенетін болып жүр . Бұл тегін емес. Себебі стратегиялық маңызға ие саланың қашан да сақ әрі заманға сай болуы бүгінгідей алмағайып күнде баршаның көкейін кескен кесек мәселе боп тұр. Қазір әлем елдерінің қорғану тәсілдері мен соғыстың алдын-алу шарттары мүлдем өзгерген. Әуелі, әскердің қарақұрым көптігі емес, жаужүрек жауынгердің озық техниканы меңгеруі басты міндет.

Құрлықта қуатты, әуеде әлеуетті, теңізде тегеуірінді. Қазір Қазақстанның әскері әлдеқайда әлді. Бар болғаны 25 жылдың ішінде айбынды армия құрылды. Қару-жарақ пен әскери техникалар жаңартылып, сала серпін алды, статусы артты. Елдің қарулы күшке деген сенімі ұлғая түсті. Ал, әуелде қалай еді? Тәуелсіздік алған жылдары шекарамыз шегесін таппай, полицияның пәрмені, әскери күштің дәрмені жоқ еді. Егемен болып, етек жең жиғалы бұл саладағы қиындықтарды да еңсеріп, құзырлы органдарда еңсе тіктеді.

Қазіргі таңда жастардың әскери борышын өтеуге деген құлшынысы артқан. Көктемгі, күзгі шақырылымдарда шақырымдап демесек те, ұзын-сонар кезек түзілетіні рас. Сапқа тұрып, сарбаз атанғандар бір жылдық борышын еркін атқарып жүр. Әрі ақшасын тоқлесең азаматтық парызыңды бір айда өтейтін әскер де бар. Әрине, осындай қысқа уақытта олар барлығын меңгеріп алмасы анық. Дегенмен, сапқа тұрып, қару ұстауға жарайды. Ал, Қазақстан қарулы күштерінің сапында келісімшарт бойынша қызмет ететіндер көп.

Шетелдік сарапшылардың айтуынша, Қазақстан қарулы күштері посткеңестік елдер арасында ең қуатты үштікке кіреді. Бұл 25 жылдықтың жетістігі.
Әскерилердің имиджін арттырып, материалдық тұрғыда демеу – негізгі міндеттердің бірі. Сәйкесінше, осы бағыттағы жұмыс жүйеленіп, іргелі істер атқарылып жатыр. Әскерилерге жасалатын кезекті қамқорлық жайын осы аптада Мемлекет басшысының өзі жеткізді.

Қарулы күштің қаруы сайлы болғаны ләзім. Бұл бағыттағы да шаралар ширақ. Түрлі әскери техникалар мен қару-жарақтар алынып, сапасы салмақтана түсуде.

Осы аптада қазақ елі Отан қорғаушы күнін атап өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі шаралар ұйымдастырылып, бүгінгі күннің батырлары ұлықталды. Осы мейрамның мән-маңызы кейінгі толқынға түсіндірілді.

«Намыстан жаралған наркескен халықпыз, елдіктің найзасын ерлікке жаныппыз» деген батырлық әр қазақтың қанында бар қасиет. Сәйкесінше, Отан үшін отқа түсер оғаландарымыз ортамызда, қарулы күштердің құрамында халқына қалтықсыз қызмет қылып жүр.

Азамат Нұғыманов

Хабарламаларға жазылу