Қазақ елі Бірлік күнін тойлауда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ елі Бірлік күнін тойлауда

01.05.2016
Қазақ елі Бірлік күнін тойлауда

Қазақстанның әр қаласында, әр аймағы, өңірінде түрлі дәрежеде мерекелік шаралар өтті.

Қалай құбылсақ та бұл заманда, бұл заман дейміз-ау қай заманда да бірлік барлық қауым үшін өте маңызды болып келді. Адамзат ізі жазған қым-қуыт тарихты парақтай отырып, бір келеге келе алмаған талай қауымның тоз-тоз болып жүдегенін, өзгелерге сіңісті болғанын, тіпті жоғалып кеткенін аңғару қиын емес.

Бірлік, ынтымақ өзара үйлесім табу оңай шаруа емес, бірақ соған ұмтылғанның жолы болмағы тағы рас. Бүгінгі мерекені Астана тұрғындары да мүмкіндігі келгенше жақсы атап өтті.

«Қазақ Елі» монументі алдында мерекелік концерт болды, «Бәйтерек» маңында маң-маң басып, мамыражай күнде, бала-шағасын қыдыртып жүрген ағайынды көзбен көрдік. Қалайда тәубә, шүкірі түгесілмеген ел ғой дестік. Бірлік - Алматы мен Астана үшін ғана емес, тұтас ел үшін маңызды.

Қазақстанның әр қаласында, әр аймағы, өңірінде түрлі дәрежеде мерекелік шаралар өтті.

Берік Көшербай, тілші:
Рахмет, Астана. «Ынтымағы жарасқан елдің ырысы мол». Шығыс жұрты бүгінгі мейрамды осындай ұранмен тойлатты. Облыстағы ең негізгі мерекелік бағдарлама Өскемен қаласының орталық алаңында өтті.

«Бірлік пен жасампаздықтың 25 жылы» атты концерт барысында жергілікті өнер ұжымдары, сондай-ақ, өңірдегі барлық этномәдени бірлестіктер үлкен сахнада патриоттық әндер шырқап, би билеп, жиналған көпшілікке шат-шадыман көңіл-күй сыйлады.

Тілеужан Нұқсарина, Өскемен қаласының тұрғыны:
Ауа райы өте жақсы бүгін. Халықтың көңілі де жақсы, барлығының жүзіне күлкі ұялаған. Бала-шағаммен келдім, Құдайға шүкір 7 балам, 25 немере, 8 шөберем бар. Татулық, жақсылық, береке-бірлік болсын. Бала-шағамыз аман болсын, денсаулықтары зор болсын.

Берік Көшербай, тілші:
Шырайлы Шығысты 100-ден астам этнос өкілі өздерінің ортақ үйі деп біледі. Бір шаңырақ астында бейбіт өмір кешіп жатқан аймақ жұртшылығы бірлік мерекесін жылда жоғары деңгейде атап өтеді. Елдегі бірлік пен татулықтың нышанына айналған ең үлкен және ең бірінші этноауыл Өскеменде орналасқан.

Бүгінде бұл мәдени кешенде әрбір этностың үйі жеке мұражай ретінде жұмыс істеп тұр. Қазақстандағы тұңғыш «Достық үйі» де Шығыстың бас шаһарында ашылған. Биыл «Достық үйі» үлкен ғимаратқа көшіп, жаңа жобаларды қолға алды.

Елдар Төлеубеков, облыстық Достық үйінің директоры:
Үлкен бір мұражай ашайық деп отырмыз. ШҚО-да 112 ұлттық этномәдени бірлестік бар. Солар қалай бастады, қандай тарихы бар, оларға біздің мемлекет қандай жағдай жасап жатқанын, қандай көмек көрсетіп жатқанын осы мұражайда жақсылап көрсетейік деген ниетпен.

Берік Көшербай, тілші:

Бірлік күніне арналған мерекелік шаралар Шығыстың барлық аудан мен қалаларында өтті. Өскемен тұрғындарын биыл Ресейден арнайы келген Турецкий хоры да құттықтап, кеше кешке қаланың орталық алаңында үлкен концерт берді.

Бүгін қысқы демалыстан соң қаладағы барлық саябақтар өз жұмысын қайта бастап, субұрқақтар қосылды. Мерекеге орай, мұнда да түрлі шаралар мен ойындар ұйымдастырылды.

Күндізгі мерекелік шаралар кешкілік концерттерге ұласты. Соңынан жастардың би кеші өтеді. Қазір мен сөз кезегін Оңтүстік Қазақстандағы әріптесім Ғани Қалмақановқа беремін. Түстіктегі ағайын мерекені қалай атап өтіп жатыр, Ғани?


Ғани Қалмақан тілші:
Рахмет, Берік. Ассалаумағалайкүм, Қазақ елі! Тарихы терең, қазақы салт-дәстүрді берік ұстанатын Оңтүстік Қазақстан жерін бүгінде 107 этностың өкілі ортақ Отанымыз деп таниды. Қазақстан халықтары достығы күніне орай өткізілген бүгінгі мерекелік салтанат берекелі тірлікке бастаған бірлігімізді тағы да айшықтай түсті.

Оған бүгін таңертеңнен басталған түрлі шаралар дәлел. Сөз басында солардың бірқатарын айтып өтсем. Гүл – сұлулық пен тазалық өлшемінің шыңы. Ол сезімдерді паш етеді.

Мерекеге орай ұйымдастырылған гүлдер композициясы ұлыстар арасындағы өзара бауырмалдық, достық сезімдерді онан әрі нығайта түскені сөзсіз. Бұл сайысқа шаһардағы 100-ден астам мектептің оқушылары қатысты. Гүлмен көмкерілген түрлі бұйымдар ерекше өрнек нақышымен көз тартады.

Ғазиза Жақсылыққызы, мұғалім:
Композициямыздың тақырыбы - «Бір мүдде. Бір болашақ. Бір мақсат» . Алдымызға қойған межеге осы кеме арқылы көпэтносты болсақ та бір мақсатпен жетеміз. Әр уақытта Қазақстан көпэтносты ел болып алға жүзе береміз.


Ал, түрлі этнос өкілдерінің жұптаса билеп, түрлі-түсті ленталармен керілген керегені әдемі әрі жарасымды етіп бейнелеуі қазақ даласындағы татулықты паш еткендей.

Жалпы, өнер - әрбір ұлтың мәдениетін бір-біріне жақындастыратын құдіретті күш. Сондықтан да, мерекеде айтылған түрлі тілдегі әнді де, биді де ешкім жатырқаған жоқ. Қайта көптің көңілі достықтың арнасына тоғысты. Бұдан жұрттың көтеріңкі көңіл-күйін де анық аңғаруға болады.

Аягүл Қалменова, қырғыз ұлтының өкілі:
Осындай ынтымақтың, берекенің арқасында достығымыз нығая берсін. Көк аспанда Туымыз желбіреп, бәріміз бір шаңырақ астында бола берейік.

Диана Мирсиева, татар ұлтының өкілі:

Барша қазақстандықтарға зор денсаулық тілеймін. Осындай бейбіт мемлекетте өмір сүріп жатқаныма өте қуаныштымын.

Бүгінгі мерекеден спортты серік еткендер де қалыс қалмады. Таңертеңнен олар шаһардың орталық көшелерін бойлай жүгіріп өтті. Сондай-ақ, бүгін орталық алаңнан басқа жерлерде де этномәдени орталықтардың көрмесі, ойын-сауық пен думанды шаралар көптеп ұйымдастырылды. Көпшілік әрбір ұлттың тарихы, болмысы мен мәдениетін сыр шертетін қолөнер бұйымдарының көрмесін тамашалады.

Ғани Қалмақан, тілші:
Түптеп келгенде әрбір этностың салт-дәстүрі мен мәдениетін ұлықтау – еліміздегі тыныштық пен татулықтың кепілі. Сондықтан да, ұлыстар арасындағы достықтың діңгегін бекемдей түсу бүгінде Оңтүстіктің көпэтносты халқының ортақ мұратына айналған. Енді еліміздің батысындағы атыраулық ағайынның мерекелік көңіл-күйін білсек. Айдос, сөз кезегін өзіңе ұсынамын.

Айдос Қарабала, тілші:
Мәні зор, маңызы ерекше мейрамды атыраулықтар да ерекше тойлады. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған шаралар тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, мерекелік қуанышқа ұласты.

Күндіз «Исатай-Махамбет» орталық алаңында «Ел қуаты – бірлік пен татулықта» атты театрландырылған концерт өтті. Оған этномәдени бірлестіктер мен орталықтардан 400-ден астам өнерпаз қатысты.


Сахналық көріністе Қазақстанға депортацияланған өзге этнос өкілдерінің қиын тағдыры сипатталып, қазақ халқының қонақжайлылығы мен бауырмалдығы айтылды.

Сондай-ақ, алаңға жиналған халық арқан тартыс, тоғызқұмалақ, қазақ күресі секілді ұлттық ойындарға қатысып, бір сергіп қалды. Балалар да назардан тыс қалмады. Оларға арнайы ойын алаңдары жасақталған.

Ал, өзге этнос өкілдерінің қолөнер көрмесі мерекенің сәні мен мәнін айшықтай түскендей. Мерекелік шара одан әрі танымал әншілердің қатысуымен концерттік бағдарламаға ұласты. Олардың ішінде Қырғызстаннан келген Халық әртісі Салават Садықова да бар.

Жалпы, Атырауда 500 мыңнан аса халық тұратынын ескерсек, соның 33 711-і орыстар, 3161 кәріс, 2333 татар және 1398-ін өзбек халқы құрайды. Қалған бөлігі украин, неміс, армян, болгар, әзірбайжан, шешен, ұйғыр, түрік ұлтының өкілдері.

Тағдыр талайын кешкен этнос өкілдерінің тарихы тым тереңде. Мысалы, ХІХ ғасырдың екінші жартысында Атырауға ұйғырлар мен дүнгендер, Столыпин реформасы кезінде орыстар, отызыншы жылдары корейлер, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Солтүстік Кавказ халықтары, қалмақтар мен Ресей немістері қоныс аударған.

Қиын-қыстау заманда Қазақстанға келген халықтардың бірі – шешен-ингуш ұлты. Тағдырдан теперіш көрген өзге этнос өкілдерін өзекке теппеген Қазақ елінің дархандығын олар ерекше бағалайды. Зелимхан ағаның отбасы да Атырауға 1969 жылы көшіп келген. Содан бері жергілікті халықпен бірге бірлігі жарасып, тату-тәтті өмір сүріп келеді.

Зелимхан Зубариев, шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы:
Шешен-ингуштарды күштеп көшіру кезінде Қазақстанға қоныстанған менің әке-шешем осы елде тұрақтап қалды. Ата-анамның айтуынша, шешен-ингуштар жергілікті қазақтардың арқасында аман қалған.

Анам қатты сырқаттанып, ауырған кезде қазақ досы қымыз беріп емдеген. Бір жылдан кейін Мәскеуге барып тексерістен өткен кезде өкпесіндегі инфекциялар жойылып, дертінен құлан-таза айыққан.

«Қазақтардың осындай қамқорлығының арқасында аяққа тік тұрып, жағдайымызды түзедік», деген ата-анам ылғи қазақ халқына борыштар екенімізді айтып отыратын. Мен де қазір өз балаларыма қазақстандықтардың көмегін айтып келемін. Бүгінге дейін қол ұшын берген қазақ достарым да аз емес. Біз қазақтардың қамқорлығын ешқашан ұмытпаймыз.


Айдос Қарабала, тілші:
Бүгінде Атырау жерінде 30-дан астам өзге этнос өкілі тұрады. Аймақта 17 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Олар бір шаңырақ астында достықтың ерен үлгісін көрсетуде.

Ең бастысы, тату елге тыныштық орнап, бейбіт елде береке болары анық. Міне, Атырауда өткен мерекеге қатысты ақпар осы. Мен кезекті Теріскейдегі Сағындыққа беремін.

Сағындық Сәбитұлы, тілші:
Рахмет, Айдос! Бірінші мамыр мерекесі бүгінде жалпыхалықтық сипат алып үлгерді. Қасиетті Қызылжар жері Отанына айналған 30-дан астам этностың бәрі де бүгін орталық алаңға жиналды.

Әр ұлыс өздерінің тағамдарын, биін, киімін, бір сөзбен айтқанда мәдениеті мен тұрмысын жиналған қауымға паш етті. Бұл күні теріскей жұрты - ырыс пен ынтымақ, береке мен бірлік тіледі бір-біріне. Ақжарма лебіздерін айтып, құттықтаған қауымның көңіл-күйі де шат-шадыман.


Орталық алаңға жиналған қауымды облыс әкімі Ерік Сұлтанов құттықтап, елдегі татулық пен тұрақтылықты насихаттап жүрген азаматтарды марапаттады. Халықтың тілегі - бірлік, тірегі - тұрақтылық. Осылай ұрандатқан жастар жиналған қауымға әуенді ән мен әсем би тарту етті. Ал, ұлттық этномәдени бірлестік өкілдері достық дастарханын жайып, қала тұрғындары ұлттық тағамдарынан ауыз тигізді.

Рашид Нәдиров, күрд қауымдастығының төрағасы:

Бұл мереке біз үшін өте маңызды. Бұл халқымыздың бірлігі, еліміздің тұтастығы. Ол деген еліміздің байлығы, тұрақтылығы. Елімізде бірлік болсын, татулық болсын, ұлтаралық келісім болсын.

Сағындық Сәбитұлы, тілші:
Осылайша, Есіл өңірінің жұртшылығы Бірлік мерекесін бар сән-салтанатымен тойлады. Халық осы күннің маңыздылығы мен елдегі тұрақтылықтың өркендегені туралы көп ой өрбітті. Өйткені, бірлігі мығым елдің, ертеңге күнге деген сенімі нық. Міне бізде бүгін мереке осылай тойланды. Қазір іңір болса да алаңда әлі де мерекенің лебі есіп тұр.

Берік КӨШЕРБАЙ
Ғани ҚАЛМАҚАН
Сағындық СӘБИТҰЛЫ
Айдос ҚАРАБАЛА

Хабарламаларға жазылу