Еліміздің астықты өңірлерінде қауырт тірлік болып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздің астықты өңірлерінде қауырт тірлік болып жатыр

01.05.2016
Еліміздің астықты өңірлерінде қауырт тірлік болып жатыр

Дихан қауымы соқа-сайманын сайлап, техникасын майлап науқанға әзірлік үстінде.

Көктемнің бір күні жылға азық деген тәмсіл бар. Еліміздің астықты өңірлерінде қазір қауыр тірлік болып жатыр. Дихан қауымы соқа-сайманын сайлап, техникасын майлап науқанға әзірленіп жатыр. Соңғы 2-3 жылдың көлемінде қар ерте түсіп, астықты өңірлерді бір-аз титықтатқаны бар.

Сонда да шаруалар ырыс дәнін шашау шығармай жинап алды. Ел қамбасына жыл сайын 5 миллион тонна астық құятын Солтүстік Қазақстан облысында да қазір еңбек майданы қызған кез.

Соңғы үш жыл теріскейлік дихандар үшін әбігер мен жанталасқан кез болды. Ауа райының қолайсыздығы көп шаруашылықтарды есеңгіретпесе де, едәуір әуре-сарсаңға салды. Бірақ, ризығын жерден тапқан диқандар қауымы өз несібесінен айырылған жоқ.

Жаңбыр мен боранға, қар мен қиындыққа қарамастан, астықты уақытында орып алды. Бұл кешегі күннің келбеті. Биыл жағдай басқаша. Қара күзде сан соғып қалмас үшін ерте жетілетін дәнді-дақылдар көлемін ұлғайтып отыр. Бұл табиғаттың тосын мінезінен сыралғы болып үлгерген дихандардың қамы.

Айдарбек Сапаров, облыс әкімінің бірінші орынбасары:
Жалпы айтқанда, дайындыққа өткен жылдың соңында кірістік. Желтоқсан айында үлкен кеңес өткізіп, оған ғалымдар қатысты. Мынадай шешім шығардық, кеш пісетін бидайдың көлемін азайтып, ерте және орта мерзімде пісетін бидайдың көлемін ұлғайттық.


Солтүстік Қазақстан облысындағы егістік алқабы жағынан алдыңғы қатардағы компаниялардың бірі «ҚазЭкспортАстық» холдингі. Биыл өңірде 400 мың гектар алқапқа дән себілмек.

Қазір агроқұрылымдардың барлығында соқа-саймандар сайланып, техника тексерістен өтуде. Ең бастысы, биыл мол астық алуға барлық алғышарттар бар. Ылғал жеткілікті. Техника дайын, адамдар әзір. Ендігі мақсат - мерзімнен кешікпеу.

Сейілбек Махметов, шаруашылық басшысы:
Сапалы бидай алу үшін биыл 74 пайыз ерте пісетін бидай екпекшіміз. Тұқым бар, техникамыз дайын. Биыл көктем 2-3 апта бұрын келді. Біз де жылдағыдан бір апта бұрын егінге кіріспекшіміз.

Қазір өңірдегі ірілі-ұсақты барлық шаруашылықтардағы жағдай бірдей. Соқа-сайманын сайлаған механизатор. Механизатордың жігерін жаныған басшылар. Өйткені бұл да бір майдан. Еңбек майданы. Техникасы сай, жанар-жағар майы жеткілікті, тұқым қоры мол шаруашылықтар ғана уақытында үлгере алады.

Ал, белгіленген уақытта дән себу астықтың шығымдылығына тікелей әсер етеді. «Шағала-агро» шаруашылығы да қызу қарбалас үстінде. Ылғалды жабу, техниканы тексеру секілді күйбең тірлік үстінде. «Ең бастысы, жерді игерусіз қалдырмау керек», дейді шаруашылық басшысы Жомарт Омаров. «Күтімсіз жер - күтімсіз бала секілді. Жерді ел игілігіне жаратпаған шаруа - жауапкершілігі жоқ қожайын», дейді.

Жомарт Омаров, шаруашылық басшысы:
«Еңбек етсең, емерсің», деген қазақпыз ғой. Бір жыл босатып алсаң оны кем дегенде үш жыл бері қарату керек. Құнарлылығын арттыру үшін кем дегенде үш жыл жұмыс істеу керек. Ол дегенің арамшөп басады деген сөз. Көрші шаруаларға зияны қаншама. Сондықтан, жерге иелік еткен соң бағып-қағу керек.

Байболсын Сәкенов - тәжірибелі тракторшы. Ауыл шаруашылығы саласында 30 жылдан астам еңбек етіп жүр. Жердің құнары мен ауа райының қолайлылығын агрономнан кем білмейді.

Өзінің қалаған кәсібі болғандықтан, кәнігі диханға айналған. Биыл ылғал қоры жеткілікті, жердің тоңы ерте жібігендіктен егін себу науқанына ерте кіріспек. Қазір соқасын сайлап, қажетті құралдарын әзірлеу үстінде.

Байболсын Сәкенов, механизатор:
Қар да мол болды, күзде жаңбыр көп болды. Ылғал жақсы. Жақсы астық аламыз деп ойлаймын. Кеше жабынды бітіріп келдік. Егіске 100 пайыз дайынбыз деп айтуға болады.

Биыл облыс бойынша егістік науқанына 14 мыңнан астам техника жұмылдырылады. Оның 2 мыңға жуығы қуатты тракторлар. «Джондир», «Кейс» пен «Класс», «Челенджер» секілді танаптың апшысын қуыратын заманауи техника еңбек өнімділігін ұлғайтып, уақыт үнемдейді. Соңғы жылдары жүргізілген кешенді бағдарламалардың арқасында өңірдегі машина-трактор паркі біршама жаңарды.

Сағындық Сәбитұлы, тілші:
Биыл Солтүстік Қазақстан облысында егін науқанына қатысатын техникалардың көбі мынандай заманауи, қуатты тракторлар. Мәселен, мына мен отырған «Челенджердің» қуаты 300 атқа тең екен және ішіндегі механизатор үшін де өте ыңғайлы.

Мына монитор навигатор, қай жерде, қай бағытта жүріп бара жатқанын анықтайды. Ал, мына жерден дәнсепкіштің ішіндегі дәннің, дәрінің мөлшерін біліп отырады. Ең бастысы, қазіргі замандағы ең қуатты, ең ыңғайлы тракторлардың бірі болып есептеледі.

Ауыл шаруашылығы құрылымдарына мемлекет тарапынан қолдау да зор. Биыл арзандатылған жанар-жағар май беріліп, 8,4 миллиард теңге демеуқаржы қарастырылған.

Бұл дихандардың тынысын ашып, сапалы өнім өсіруіне ықпал етпек. Бұған қоса «ҚазАгро» компаниясы да да төменгі пайыздық мөлшерлемемен несие беретін болады.

Айдарбек Сапаров, облыс әкімінің бірінші орынбасары:

Ылғал биыл нормадан жоғары, соны жауып алу керек уақытында. Қазіргі күні 300 мың гектар алқапты жаптық алдағы уақытта да бұл жұмыстар жалғасады. Жалпы дихандардың көңіл-күйі жақсы, дайындықтары жақсы. Ендігі дихандарға керегі несие мәселесі. Биыл «ҚазАгро» 14 миллиард теңге бөліп отыр. Бұл жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасып жатыр.

Биыл облыста 3 миллион 210 мың гектар алқапқа бидай егу көзделген. Қазір қамбаларда 496 мың тонна тұқым бар. Егістік алқабы көлемі жағынан ең азы болса да, өнім мен шығымдылық жағынан ешкімге есе жібермейтін теріскейлік дихандар алақандарын ысқылап отыр. Мол астық алып қана қоймай, сапасын арттыру, экспортқа бағытталған өнім өндіруге ден қойды.

Сағындық СӘБИТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу