Жерді жеке меншікке сату, жалға беру тәртібі қызу талқыланып жатқан тақырыпқа айналды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жерді жеке меншікке сату, жалға беру тәртібі қызу талқыланып жатқан тақырыпқа айналды

01.05.2016
Жерді жеке меншікке сату, жалға беру тәртібі қызу талқыланып жатқан тақырыпқа айналды

Негізі ауыл шаруашылығы жерлерін жеке меншіктен болсын немесе мемлекеттен болсын жалға алып, оны игеру Батыс жұртында бар дүние.

Жерді жеке меншікке сату, жалға беру тәртібі қазір күн тәртібінде талқыланып жатқан бірінші тақырыпқа айналды. Қазір заңды түсіндіру, түп-төркінін таразылау жұмыстары жүріп жатыр.

Негізі ауыл шаруашылығы жерлерін жеке меншіктен болсын немесе мемлекеттен болсын жалға алып, оны игеру Батыс жұртында бар дүние. Мысалы, Нидерланд шаруаларының 15 пайызы жерді жеке меншік иелерінен, 20 пайызы мемлекеттен жалға алады.
Жалпы, Еуропада жердің 40 пайызы, оның ішінде Белгияда 70, Францияда 63, Германияда 62, Швецияда 45, Ұлыбританияда 35, Португалияда 28, Испанияда 23, Австрияда жердің 20 пайызы жалгерлердің қолында.

Олардың ішінде меншігіндегі жермен қоса, жалға жер алып, шаруасын күйттеп отырған шаруалардың үлесі басым. АҚШ-та жердің 55 пайызы осындай шаруалардың еншісінде.

Жердің бабын тауып, бау-бақшасын жайқалтқан Оңтүстік Қазақстан облысы дихандары Жер туралы заң шаруаға мол мүмкіндік береді, деп санайды. Биыл егіні бітік шыққан Қасымбек Кәденұлы үлеске алған 200 гектар жерін енді сатып алуға қамданып отыр.

Қасымбек Кәденұлы, шаруа:
Бұл үлкен мүмкіндік. Сатып алса, ұрпағына мұраға қалады әрі жерге жанашыр көзқараста баптап, мол өнім алуға мүмкіндік жасай алады.

Жер күтілмейтіндіктен, жыл сайын өңірде 5 мың гектарға жуық жер жарамсыз күйге түседі. Басты себеп, шаруаның дені ауыспалы егіс тәсілін сақтамайды. Соның салдарынан егіс алқаптары органикалық және минералды тыңайтқыштармен байытылмайды.

Созақбай Әбдіқұлов, облыстық Жер қатынастары басқармасының басшысы:
Заңға сәйкес тиісті жұмыстар жүргізілді. Бүгінде 63 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды. 50 мың гектар жерге ескерту берілгеннен кейін шаруалар қайта игеруге кірісті.

Шаруалардың қырсыздығынан қазір өңірде 315 мың гектар жер игерусіз қалған. Арнайы комиссияның шешімімен оның 62 мыңы қайтарылды. Жаңа заңнамаға сәйкес мемлекет меншігіне өткен жерлердің 54 мың гектары биыл аукционға шығарылады. Жалпы, мамандар Қазақстанда ел игілігі үшін игерілмей жатқан жер көп дейді. Жаңа заңның негізі мақсаты да сол жерлерді азаматтарымыздың меншігіне беру арқылы ауыл шаруашылығын дамыту.

Жерге қатысты жаңда Заңда халықтың мүддесі толық ескерілген. Бір сүйем жер шетелдіктерге сатылмайды. Депутаттар ол туралы Жер кодексінде тайға таңба басқандай жазылған, дейді.

Сауытбек Абдрахманов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Жерге ақша салып, үлкен шаруалар бастайтын адамдар әлемдік тәжірибеде қайтарымның 12-13 жылдан кейін болатынын көрсетіп отыр.

Оның үстіне Қазақстанның жері «зона рискованных земледелье» дейді, ауа райы тәуекеліне тікелей байланысты. Бір жыл болып қалады, бір жыл болмай қалады. Ештеңе істей алмайсың, суармалы егіншілік көлемі өте аз.

Сондықтан, жерге лизингке қымбат техника алу үшін, қымбат бағаға түсетін тыңайтқыштар алу үшін, басқа да өңдеу шараларын жасау үшін, олардың қайтарымын алу үшін әлдеқайда көп уақыт керек екенін ғылым да, тәжірибе де көрсетіп отыр. Сондықтан, Кодекске енген өзгерістер ол мерзім 25 жылға деп белгіленіп отыр.


Асанәлі Әшімов, КСРО Халық әртісі:

Елбасының өзі «Ешқандай шетелге жер сатылмайды да, арендаға берілмейді де» деп жатыр. Аукционға қатыспайды деп жатыр. Одан артық не керек? Ал енді жерді көркейту жөніндегі әңгімелер, мен оған қосыламын.

Қазақстанда не көп, жер көп, бос жатқан жерлер. Соның бәрі келешекте жайқалып тұрса, оған кім қарсы?


Агроөнеркәсіп саласының білікті өкілдері, қарапайым ауыл тұрғындары мен фермерлердің қатысуымен түзілген Жер туралы заң ауыл шаруашылығының тынысын ашып, салаға серпін береді,-дейді.

Әли Бектаев, «Ауыл» партиясының төрағасы:
Біздің елімізде аграрлық секторды дамытудың, мемлекеттік қолдау көрсетудің теңдессіз шаралары жүзеге асырылуда. Қазақстандықтардың жеңілдетілген бағамен 10 жылға дейін бөліп төлеу принципімен жеке меншікке алуға құқық беруі үлкен жеңілдік деп есептеймін. Қазір жер пайдаланушылар өздері пайдаланып отырған жерде ауыл шаруашылық нысандарын және өздеріне қажетті өндірісті дамытуға, инфрақұрылым салуға мүмкіндік алып отыр. Бұрынғы заңда ондай жоқ.

Жер емген шаруалар да жаңа заңның ауыл шаруашылығы саласының тамырына қан жүгіртеді, деген сенімде.

Жамбыл Насимулин, «Маскус» ЖШС директоры:
Мен енді ауыл шаруашылықпен айналысқаныма ұзық жыл болды. Мамандығым - агроном. 100 миллионға жуық жер Қазақстанда игерілмей жатыр дейді. Оның пайдасын көрсе жақсы емес пе?

Жерді жалға немесе сатып алған күннің өзінде оған қойылатын талап күшті. Мысалы, сіздің жеріңіз егістік жер болса, сіздің одан алатын өніміңіз, сол ауданның жылдық өнімінің 85 пайызынан аз болса, сіз жерге дұрыс күтім жасамаған боласыз да, сізге ескерту жасалады және 3 жыл уақыт беріледі.

Сол үш жылда сіздің сол жерлерден тапқан өніміңіздің көрсеткіші өспейтін болса, онда сот арқылы ол жерлерді мемлекет өзіне қайтарып алуға құқылы. Тіпті сол жерлерден алынатын өнім көлемі белгіленген көрсеткіштен асып кетсе де, ол жерлерге дұрыс күтім жасалмаған деген себеппен мемлекетке қайтарылады. Сондықтан да, мамандар бірінші шілдеде күшіне енетін заң ауыл шаруашылығы мен ауылды жерлерді қайта түлетеді, деген сенімде.

Ержан ҚАЛЫМБАЙ

Хабарламаларға жазылу