Рио-де-Жанейро Олимпиадасына дайындығымыз қалай? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Рио-де-Жанейро Олимпиадасына дайындығымыз қалай?

24.04.2016
Рио-де-Жанейро Олимпиадасына дайындығымыз қалай?
Қанжығада қазір қанша жолдама бар?

Төрт жылда төрткүл дүниені бір дүркіретіп тастайтын аламанның басталуына аз ғана уақыт қалды. Жазғы Олимпиада ойындары биыл тамыз айының 5 мен 21-і аралығында Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өтеді.

Байрақты бәсекеге 206 мемлекет қатысады деп жоспарланған. Жоспардың жобасы дұрыс болса, елдердің қатысуы жағынан бұл рекордтық көрсеткіш болмақ. Оңтүстік Америка құрлығында өтетін ойындарда жалпы саны 306 медаль сарапқа салынады.

Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстан бірде-бір Олимпиададан қалыс қалмады. Осы уақытқа дейін бес рет жаһандық бәсі басым жарысқа қатыстық. Қоржынымыз да құр қайтып көрген емес.

Атлантадан бастап, Лондон Олимпиадасын қоса есептегенде Қазақстан спортшылары елге барлығы 52 медаль әкелді. Оның 16-сы алтын, 17-сі күміс қалған 19-ы қола.

Әсіресе, Тұманды Албионда өткен соңғы додада спортшыларымыз 7 алтынды қатар еншілеп, тарихи сенсация жасады. Жалпыкомандалық есепте алғаш рет үздік 15 елдің қатарына қосылып, 12-ші орыннан бірақ шықтық. Ал алдағы Рио-де Жанейро Олимпиадасына дайындығымыз қалай, қанжығада қазір қанша жолдама бар?

Жауапты министрлік биылғы Олимпиадаға спорттың 20 түрінен 100-ден астам лицензия алуды жоспарлаған. Сол үшін Ұлттық құрама командаларына 500-ден астам спортшы тартылып, 190 бапкер жұмылдырылған. Тіпті, дайындық барысындағы кейбір мәселелерді шұғыл шешу үшін, арнайы штаб та құрылды.

Әзірге Қазақстан спортшылары 78 жолдама еншіледі. Нақтырақ айтсақ, бокс пен ауыр атлетикадан - 10, жеңіл атлетикадан - 14, байдарка және каноэ - 11, күрес түрлерінен - 12 және қалған спорт түрлерінен бірді-екілі жолдамалар бар.

Елсияр Қанағатов, ҚР Дене шынықтыру және спорт комитетінің төрағасы:
Әлі де лицензиялық жарыстар жалғасуда. Спортшылар тағы да жолдама ұту жолындағы бәсекелерде бақ сынауда. Біз өзіміздің болжам бойынша 100-ден аса жолдама алуға тырысамыз.

Риоға боксшылар мен ауыр атлеттер тұңғыш рет толық құрамда барады. Спорттың бұл екі түрінен біздің елдің ұлттық құрамасы бұған дейін ешқандай Олимпиадаға толық құрамда қатысқан емес. Жалпы, қазақ жанкүйерлерін қуантып, ел абыройын асқақтатын саңылақтардың дені осы бокс пен зіл темір көтерушілердің қатарынан шығады.

Айта кететін жайт, биылғы төрт жылдықтың басты додасына 19 жастағы Абылайхан Жүсіпов алғаш рет барғалы отыр. Өзінің жастығына қарамастан, былғары қолғап шебері жастар арасындағы Олимпиада ойындарында жеңіске жетіп, талай халықаралық додаларда топ жарған.

Абылайхан Жүсіпов, бокстан Қазақстан Ұлттық құрамасының мүшесі:

Мен лицензия ұтқан кезде өзімнің Олимпиадаға бір сәт жақындағанымды білдім. Кейде Риода жүргенімді, трибунаға, рингке шығып бара жатқанымды, қазақ жанкүйерлері маған айқайлап, қолдап Көк Туды желбіретіп жатқанымды елестетемін. Әрине, солай болады деп ойлаймын. Сол дүбірлі додада намысты қолдан бермеуге тырысамын. Мен жас болсам да қолымнан келетініне сенімдімін.

Бокстан қыздар құрамасы да құр алақан емес. Әзірге 75 келі салмақ дәрежесінде Дариға Шәкімовада ғана жолдама бар. Қалған екі жолдамаға қыздарымыз мамыр айында Астанада өтетін Әлем чемпионатында қол жеткізуге тырысады.

Қазақстан боксшылары осы уақытқа дейін Олимпиададан ешқашан алтынсыз оралған емес. Сондықтан, бұл жолы да былғары қолғап шеберлерінің жолына үлкен үмітпен қараймыз. Әрі соңғы жылдары ел ықыласына ерекше бөленіп жүрген саңылақтар қатарында таэквондошыларымыз да бар.

Жансель Дениз, таэквондодан Ұлттық құрама мүшесі:
Жартылай финалдық кездесу алдында мен қатты қобалжыдым. Олимпиада жолдамасынан уысымнан жібергім келмеді. Маған артылған сенімді ақтағым келді. Әйтеуір, бәрі ойдағыдай аяқталды. Енді Олимпиада ойындарына дайындаламын.

Олимпиада ойындары жақындаған сайын спорт жанкүйерлерін елеңдететін тағы бір мәселе - Туды кім ұстап шығады деген сауал. Атланта мен Сиднейде Қазақ туын боксшы Ермахан Ыбырайымов көтеріп шыққаны ел есінде.

Тараздан түлеген талантты боксшы екеуінде де халықтың сенімін ақтады. Атлантада «қола», Сиднейде «алтын» алды. Басқа Олимпиадаларда Асхат Жіткеев, Бахыт Ахметов, Нұрмахан Тінәлиев секілді спортшыларымыз Көк Туды көтеріп шыққан.

Өкінішке қарай, Ермаханнан кейін Ту ұстағандардың ешқайсысы сенім үдесінен шыға алмады. Ал, алдағы Олимпиадада бұл сенімнің кімге артылары әлі белгісіз.

Елсияр Қанағатов, ҚР Дене шынықтыру және спорт комитетінің төрағасы:
Біз біріншіден, біздің Әнұранымызды әрбір Ұлттық құраманың мүшесі жатқа білу талабын қойып отырмыз. Еліміздің Туын ұстау ол үлкен жауапкершілік. Әрбір спортшыға ауыр жүк деп білеміз.

Сондықтан, қазіргі таңда жолдама алу жарысы толық біткен жоқ. Ұлттық олимпиада комитетімен бірігіп, жарыстың кестесіне қарап белгілейміз. Қазақ елінің Туын шын мәнінде ұстайтын жақсы спортшы болатынына сенімдімін.


Биыл Туды ұстауға кім лайық дегенде, мамандар мен сарапшылар бокстан Әлем чемпионы Данияр Елеусінов пен Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетовті, дзюдодан Әлем чемпионы Елдос Сметовті және балуанымыз Нұрмахан Тінәлиевті ұсынуда.

Әрине, әзірге бұл тек болжам. Тек Көк Туды кім ұстаса да, көкке көтеріп, қазақтың абыройын асқақтатып қайтса дейміз.

Рустам БАЙДАУЛЕТОВ

Хабарламаларға жазылу