Нью-Йорк биржасында мұнай бағасы 40 доллардан төмендеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нью-Йорк биржасында мұнай бағасы 40 доллардан төмендеді

03.04.2016
Нью-Йорк биржасында мұнай бағасы 40 доллардан төмендеді
WTI-дің бөшкесі 37 доллар 37 центке саудаланды.

Жұма күні Нью-Йорк биржасында мұнай бағасы 40 доллардан қайта төмендеді. Өйткені, ОПЕК осы айда өтуі тиіс кездесуінде өндірісті арттырмауға келіссе де ғаламдық нарыққа шығарылған тым көп шикізат азаяды дегенге сенім жоқ.

Аптаның соңғы сауда сессиясында мұнайдың «Брент» маркасының бір баррелі шамамен 2 жарым пайызға арзандап, 39 доллар 34 центке сатылды. Ал, WTI-дің бөшкесі 37 доллар 37 центке саудаланды.

ОПЕК-ке, яғни, Мұнай экспорттаушы елдер ұйымына кіретін және кірмейтін мемлекеттердің өкілдері Дохада сәуірдің 17-де бас қосып, өндірісті өсірмеу мәселесін талқылайды. Алайда, биыл қаңтарда ғана батыстың санкциясынан босатылған Иран экспортты көбейту жолдарын қарастырып жатыр.

Хасан Роухани, Иран президенті:
Біз мұнай эскпортын бұрынғы деңгейге көтеруге тиіспіз. Сол мақсатымызға жақындап келеміз. Бірақ, шикізат өндіретін құрал-жабдықтарымызды қайта құрылымдауға уақыт керек. Сонда да шетелге тәулігіне қосымша 400 мың баррель шығаратын дәрежеге жеттік. Осылай жалғаса беретін болса, бірнеше айда баяғы деңгейімізге көтерілеміз.

Биыл ақпанда Иранның Үндістанға, Қытайға, Кореяға, Жапонияға сатқан мұнайының жалпы көлемі соңғы екі жылдағы ең жоғары көрсеткішке жетті. Екі ай бұрын бұл мемлекеттер Ислам Республикасынан тәулігіне 1 миллион 280 мың баррель шикізат импорттаған екен. Тегеран Азиямен шектеліп қалмай, соңғы айларда Еуропа жағалауларына да мұнай тиелген танкерлерін жіберіп жатыр.

Иран үшін халықаралық нарықтағы жағдайдан гөрі санкцияға дейінгі клиенттерді қайтарып, тұралаған экономикасын қалпына келтіру әлдеқайда маңызды.

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу