Қытай үкіметі Қазақстандағы табиғи таза өнімге қызығушылық танытып отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қытай үкіметі Қазақстандағы табиғи таза өнімге қызығушылық танытып отыр

27.03.2016
Қытай үкіметі Қазақстандағы табиғи таза өнімге қызығушылық танытып отыр
Олар еліміздің агро саласына қомақты қаржы құюға әзір.

Қазақ шаруалары үшін Қытай нарығына шығу қиын. Қазір екі елдің Үкіметі негізгі кедергілерді еңсерудің ең төте жолдарын бірге қарап жатыр. Соның бірі қазақ жерінде бірлескен агро жобаларды қолға алып, инвестиция тарту арқылы ауыл өнімдерін көршіге өткізу. Министр Асылжан Мамытбеков жақында Бейжіңге жұмыс сапарымен арнайы келіссөздер жүргізді.

Миллиардтан асатын Қытай бір үйге бір бала саясатынан бас тартқалы көп бола қойған жоқ. Бірер күн бұрын Пекинде үш балаға рұқсат деген жаңа низам қабылдады. Себебі, халық қартайып барады.

Енді жаңа саясаты жүзеге асса, Қытай елінің демографиясы дәуірлеуі бек мүмкін. Ол туралы басқа жолы, ал қазір айтпағымыз қытай тұтынатын азық-түлік тауарларына деген сұраныс қазіргіден де көбейеді деген сөз. Оның үстіне Қытай үкіметі халық денсаулығына да мықтап ден қойып, тұрғындарды таза табиғи өнім тұтынуға үгіттеп жатыр.

Бірақ, бұл елде өсім мен өнім қууып, түрлі тыңайтқыштармен өңделген топырақ дімкәс деген пікір бар. Ендеше сырттан келетін тамаққа еріксіз тәуелділік туады. Сондықтан да олар, қазақтың аграрлық саласына инвестиция құйып, игілігін бізбен бірге көруге ұмтылады. Яғни, бұл ретте Қазақстан үлкен нарықтың мүмкіндігін мейлінше пайдаланып қалуы керек.

Құжынаған Қытай құрт-құмырысқаны көп болғандықтан емес, талғажау етуге тамақ жоқ болғандықтан тұтынады. Бір ғана мысал. Қытай халқы 2010 жылы 80 мың тонна ет жесе, былтыр бұл көрсеткіш 6 есе артып, 600 мың тоннаға жеткен. Демек, тамаққа деген сұраныс бұл елде қашанда жоғары.

Асылжан Мамытбеков, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

Олар айтып отыр, еттің импорты оларда жылдан-жылға артып келеді. Қытай бір жылда 1 миллион тонна сиыр етін сатып алып отыр. Әрине, біз оларға миллион тонна сата алмаймыз.

Бірақ, осындай нақты және тұрақты түрдегі сұраныс біздің өндірісімізді көтере алады. Әрі олардың бағалары өте жоғары, бізге қарағанда. Сондықтан, біздің тауар өндірушілерімізге бұл өте пайдалы.


Біз Қытайдың қыр шаруашылығы дамымай, кенже қалған деуден аулақпыз. Керісінше, керемет дамыған. Тек ауыл шаруашылық өнімдері химиямен көп өңделетіндіктен, құнардан жұрдай. Сондықтан да, олар қазақтың табиғи таза өніміне өте зәру.

Дон Жуи Кю, ҚХР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары:

Қазақстанның агро өнімдері өте таза. Тек қажетті құжаттарды реттеп, екіжақты талаптарға сай жұмысты ширата түсуіміз керек. Біз қазақстандық әріптесімізбен бірлескен жобаларды жүзеге асырып, Сіздің елден экспортталатын ауыл шаруашылық өнімдерінің көлемін ұлғайту тетіктерін талқыладық.

Экспортты еселеу үшін ең алдымен кедергілердің жолын кесу керек. Бұл ретте Асылжан Мамытбеков қытайлық әріптестеріне Қазақстанда қалыптасқан ветеринарлық жүйенің халықаралық талаптарға толық сай екенін баса айтты.

Рас, Қазақ үкіметі ветеринария саласын дамыту үшін осыдан бес жыл бұрын арнайы стратегия түзіп, салаға қатысты барлық заңдарды толығымен жетілдірген. Әрі жауапты жеке мекеме құрып, екпе мен диагностиканың әлемдік талапқа сай әдістемелерін енгізді.

Тіпті, дүниежүзінде халықаралық эпизотикалық бюромен келісімге қол қойған жалғыз елдің өзі біз екенбіз. Демек, Қазақстандағы ветеринария мен санитарлық жүйенің сапасына ешкімнің күмән келтіруіне құқы жоқ деген сөз бұл.

Асылжан Мамытбеков, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
Қытайлар бізге осы шектеулер алып тастау жөнінде өзінің делегациясын жіберетін болды. Және де ет және мал өнімдері бойынша ғана емес, өсімдік саласындағы бидай мен арпадан басқа, бірқатар тауарлар бойынша келісімге қол қоюға келістік. Біздің жоспарымыз бойынша, осы жылдың ортасына дейін ветеринарлық шектеулерді Қытай тарапынан алып тастаймыз.

Қазақстанда былтыр 930 мың тонна ет өңделіп, 18,7 миллион тонна астық орылды. Еттің тек 16 мың тоннасы экспортталса, астықтың осы күнге дейін 5 миллион тоннасы шетелге сатылған.

Осыншама аста-төк азықтан біздің диқандар іргедегі Қытайға былтыр тек 131,4 мың тонна ұн экспорттапты. Осы орайда сапасы жағынан ешкімге есе жібермейтін біздің ет пен астыққа Қытай тарапы да қатты қызығушылық танытып отыр.

Цзя Хэи, «Айцзюй» корпорациясының төрағасы:
Біздің корпорация Солтүстік Қазақстан облысында ауыл шаруашылық өнімдерін өңдейтін заманауи зауыт салмақ. Мақсат - онда өңделетін майлы дақыл өнімдерін Қытай мен Еуропа нарығына шығару.

Зауыт құрылысын сәтін салса, сәуір айында бастап, жыл соңына дейін бірінші кезеңін аяқтаймыз деген жоспар бар. Сонымен бірге, біз Қазақстанда ет және сүт өңдейтін комбинаттар салуды да көздеп отырмыз.


Сиань индустриялды аймағы Қытайдың аграрлық саласында ерекше маңызға ие. Ондағы «Айцзюй» корпорациясы күніне мың тоннадан астам күнбағыс майы мен мың тоннадан астам соя майын өңдейді. Олар жақын болашақта біздің елге шамаман 50 миллион доллар салмақ. Әрі маман даярлау ісін де бірлесіп жүзеге асырмақ.

Цзя Хэи, «Айцзюй» корпорациясының төрағасы:
Біздің корпорация қазақстандық мамандарды даярлауға да көп көңіл бөледі. Яғни, Қазақ елінде салынатын зауыттарға жергілікті жұмыс күшін тартамыз. Және оларды оқытып, білікті маман ету жағын да өз мойнымызға аламыз.

Қазақтың қырына да, қырманына да қызығып отырған қытайлықтар отандық агросекторға инвестиция құюға дайын. Тек тегін жатқан жер жоқ. А.Мамытбеков бастаған делегация ханзулық әріптестерімен жүргізген келіссөз барысында елге келетін шетелдік жұмыс күшінің ережелері мен Жер кодексіне енгізілген жаңа талаптарды да жан-жақты түсіндірді.

Асылжан Мамытбеков, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
Жалпы айтсақ, шетелдік компанияларға жер тек жалға беріледі, 25 жылға дейін. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер шетелдік азаматтар мен компанияларға сатылмайды, біздің заңымыз бойынша.

Қытай қазақтан астық тасып, ет сатып алумен шектелмек емес. Көрші елдің «Кофка», «Ситик» секілді ірі компаниялары сүт, қант қызылшасы, қызғанақ пен томат өндірісін бірге өркендетіп, біздің елде өсімдік майларының түр-түрін шығаруға мүдделі.

Айбек ҚОБДАБАЙ

Хабарламаларға жазылу