Мемлекет басшысы Н.Назарбаев сайлаушылармен бірге дауыс берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев сайлаушылармен бірге дауыс берді

27.03.2016
Мемлекет басшысы Н.Назарбаев сайлаушылармен бірге дауыс берді
Сондай-ақ, Елбасы «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің отырысына қатысып, партия атынан сайланған 84 депутатпен кездесті.

Бастапқыда уәде еткендей сайлау тақырыбына тағы бір мәрте оралсақ. Өткен жексенбі, дәл осы уақытта сайлауға қатысты алғашқы цифрлық көрсеткіштер белгілі болып жатты. Көрсеткіш – бұл сайлауға халықтың қатысуы рекордттық нәтижеге жеткені туралы еді. Ол 77, 12 пайыз.

Біздің қазақта «Тойдың болғанынан боладысы қызық», деген мәтел бар. Екі ай бойғы әзірлік, 6 партияның бағдарламалары, үгіт-насихаты, халықаралық байқаушылар, жаһандық бұқаралық ақпарат құралдарының тіркелуі, Орталық сайлау комиссиясындағы үздіксіз және жүйелі жұмыс, жиылып келіп нәтиже берді. Электорат сайлауға өте белсенді қатысты. Яғни, саясат тойының боладысы ғана емес, өзі де жоғары деңгейде өтті.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев та көпшілікпен бірге өз таңдауын жасады. Сосын ақпарат құралдарына арнайы брифинг өткізіп, елде жүзеге асырып жатқан реформалардың жай-жапсарын түсіндірді.

Астанадағы №81 сайлау учаскесі. Мемлекет басшысы сайлаушы ретінде ресми тіркелген жер. Бюллетень алған Нұрсұлтан Назарбаев, өзі таңдаған партия мен Астана қалалық мәслихатының кандидатына халықпен бірге дауыс берді.

Президент миллиондаған отандасы секілді өзінің конституциялық құқығы мен азаматтық борышын өтеп болған соң, отандық және шетелдік журналистердің алдына шықты. Кезектен тыс сайлау өткізудің мән-мазмұнын, қазіргі жаһандық ахуал жағдайындағы Қазақстанның ұстанымын түсіндірді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бұл біздің тарихымыздағы өте елеулі кезең. Парламент мүшелерінің шешімімен кезектен тыс сайлауды өткізіп отырмыз. Мұндай кезеңде Парламентті жаңарту деген өте қажет.

Алдымызда тұрған көп жағдайлар бар. Сондықтан, дүниежүзі алдында заң жүзінде тәртіппен барлық партиялардың саяси күштердің құқығын сақтап, осы сайлауды өткізіп отырмыз.


Қазір әлем дағдарыс құрсауында. Оның салқыны ғаламдық нарыққа кіріккен Қазақстан экономикасына да әсер етпей қоймады. Осы орайда, Қазақ Үкіметі жедел түрде Ұлт жоспарын қабылдап, тиісті шараларды қолға алды. Сондықтан, алда тұрған ауқымды міндеттерді атқару үшін Парламенттің жаңа құрамын жасақтау – уақыт талабы, деді Елбасы.

Сонымен бірге, алдағы уақытта Қазақстанның саяси жүйесінде өзгеріс болуы мүмкін. Нұрсұлтан Назарбаев, мұны да тұспалдап жеткізді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Негізгі заңды референдумда халық қабылдады, қажет жағдайда өзгерісті де халық қабылдайды. Әңгіме билікті Президент, Парламент және Үкімет арасында бөлуге байланысты болуы мүмкін. Бұл өзгерістер әлемдегі және елдегі ахуалға байланысты болады. Халық қаласа, біз мұны жақсылап ойланатын боламыз.

Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев, Парламент Мәжілісіне Ассамблея ұсынған кандидаттар үшін де, өз дауысын берді. Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерімен тілдесіп, бұл институттың бірегейлігін, соның арқасында Қазақстан ширек ғасыр бойы тыныштық пен татулықта өмір сүріп, өркендеп келе жатқанын атап өтті.

Көптің қалауымен, Президент басқарған жетекші партия саяси додада оза шапты. Бұл – жеңісті тойлаған қуанышты сәт. «Елбасы біреу, «Нұр Отан» оған тіреу» деп ұрандатқан 10 мың адамның тілегі де, ниеті де бір. Бұл жолғы сайлау Қазақстан халқының біртұтас екенін жаһанға тағы бір мәрте дәлелдеді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл «Нұр Отан» партиясының жеңісі. Біздің халқымыздың жеңісі. Бірауыздық мына аласапыран заманда дүниедегі ешбір ел, ешбір халық көрсетіп отырған жоқ. Біздің қазақстандықтардың ерекшелігі дәл осында.

Наурыз мерекесімен бірге келген біздің қуанышымыз, сайлауымыз бұрын-соңды болмаған белсенділік 77 пайыздан артық халық келіп, 82 пайызы «Нұр Отанға» дауыс бергені өте үлкен қолдау, сенім. Сол сенімді ақтау үшін бәріміз жұмыс істеуіміз керек.


Аламанда аты озғанның алды ашық, жүзі жарқын. Президент бұл сайлаудың әділ әрі жариялы өткенін және елдегі электоралдық процестің демократия қағидаттарына сай өткенін айтты. Әсіресе, ерекше белсеніп дауыс берген, елдің бүгіні мен ертеңіне енжар қарамаған жас буынға деген Елбасының ілтипаты тіптен ерек.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Наурыз күні берген бата ақжолтай болады. Сендерге жастарға менің беретін батам, айтатын аманатым - Отанды сақтап, Тәуелсіздікті құрметтеп, қасық қандарың қалғанша сақтай білу – бірінші.

Екінші, Қазақстанның бірлігін, көп этностың бірлігін сақтап, ешкімді ренжітпей, сендерді де ешкім ренжітпей, аман-есен болып, Жаратқан ием, Сіздерге зор бақыт пен саулық берсін!


Ел сеніміне селкеу түсірмеу – партияның абыройлы міндеті. Осылай деген Мемлекет басшысы, «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесі бюросының отырысын өткізіп, халықтың мұң-мұқтажын жоқтайтын сенімді өкілдерінің тізімін түзді. Партия атынан Парламент Мәжілісінде сөз алуға 84 адам лайықты, деп танылды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
«Нұр Отан» корпусынан бекітілген тізімдегі кандидаттар қазіргі жағдайға қажетті барлық талаптар мен өлшемдерге сай келеді. Олар өңірден іріктелді, әлеуметтік саланың мамандары, тәжірибелі экономистер мен кәсіби заңгерлер, бизнес өкілдері. Осы депутаттар «Нұр Отанның» атына кір келтірмей, ел үдесінен шығатынына сенімдімін.

Партияның негізгі міндеті – Ұлт жоспарын тиімді іске асырып, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру. Тек, сайлау кезінде ғана емес, әр кез ел қамын ойлау – «Нұр Отанның» өзгелерден артықшылығы әрі басымдығы», деп ескертті Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
«Нұр Отан» атынан сайланған депутаттардың алдында зор міндеттер тұр. Біріншіден, Үкіметпен бірлесіп, 5 институционалдық реформаны жүзеге асыру үдерісін заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуді жалғастыру керек.

Ұлт жоспары аясында қабылданған 59 заңның жұмыс істеуіне бақылау жүргізуі тиіс. Екіншіден, Үкіметпен бірге қазақстандықтар дауыс берген партияның сайлауалды тұғырнамасының сапалы әрі уақытылы жүзеге асуына атсалысу керек. Қазіргідей қысылтаяң кезде қазына қаржысын қатаң қадағалау үлкен жауапкершілік.


«Нұр Отан» саяси науқанда сындарлы, саралы, салмақты позициясымен ерекшеленіп, Парламентте көп орынды иеленді. Осы отырыстан соң, Мемлекет басшысы партия атынан Мәжіліске ресми сайланған 84 депутатпен келелі кеңес өткізді. Болашаққа бағдар жасап, жаңа міндеттер жүктеді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Сайлауалды бағдарламадағы міндеттерді орындауда, әрқайсымызға үлкен жауапкершілік артылып отыр. Біз «Нұр Отанның» әрқашан да нақты істер партиясы екенін дәлелдей алатынымызға сенімдімін.

Сондықтан Парламент, Үкімет және Ұлттық жаңғырту жөніндегі комиссия нақты әрі үйлесімді жұмыс істеуі қажет. Біз қойылған міндеттерді тұтастық пен өзара түсіністік арқылы ғана шешетін боламыз.

Біздің барлық реформаларымыздың табыстылығы осыған байланысты. Дағдарыс кезеңі – тың өзгерістер жасайтын кез. Біз ештеңеге қарамастан, осыны қолға алдық. Сондықтан, сіздерге бірінші күннен-ақ бұл жұмысқа кірісу керек болады.


Партияның әрбір мүшесі күрделі кезеңде сенім көрсеткен әр қазақстандықтың сенімін бағалап, ақтауы тиіс. Әрі қарай да жан аямай қызмет етіп, халықты қуантуы керек, деген Елбасы халық қалаулыларын қажырлы еңбек етуге шақырды.

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ

Хабарламаларға жазылу