Төменгі палата өкілдері Мәжілістің жаңа спикерін сайлады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Төменгі палата өкілдері Мәжілістің жаңа спикерін сайлады

27.03.2016
Төменгі палата өкілдері Мәжілістің жаңа спикерін сайлады
ҚР Президенті Н.Назарбаев VI сайланған Парламенттің бірлескен отырысына қатысып, депутаттардың алдына бірқатар міндеттер жүктеді.

Мәжіліс сайланды. Саяси салмақты шара, астам сөз, артық қимыл, кездейсоқ оқиғасыз тыныш әрі үйлесімді өтті. Парламенттің төменгі палатасындағы 107 орын толық бөлінді.

«Нұр Отан» партиясынан - 84 депутат, «Ақжолдан» -7, Қазақстан коммунистік халық партиясынан -7 және Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлаған - 9 депутат өтті. Сайлауды сараптауға тағы бір мәрте ораламыз.

Ал, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа шақырылған Парламенттің алғашқы сессиясын өзі ашты. «Мәжілістің алтыншы шақырылымы әлемдегі аса күрделі кезеңде жұмыс істемек. Сондықтан, маңызды міндет сіздерге жүктеледі», деді Президент екі палатаның бірлескен отырысында.

Нақты тапсырма - түбегейлі 5 реформаны жүзеге асыратын «100 нақты қадамға» қатысты. Ұлт жоспарының жүйелі және кесімді мерзімінде орындалуына биліктің барлық тармағы да, қоғам да толық атсалысуы тиіс. Кедергі жасауға жол жоқ! Ал, қаржылық қиындықтарды еңсеруде Парламент пен Үкімет тізе қосып, үйлесімді қимылдауы тиіс.

Парламент. Алтыншы шақырылым. Алғашқы бірлескен отырыс. Мемлекет басшысы бастап, Парламенттің қос палатасы қостап, Үкімет құрамы түгел қатысты жиынға.

Алдымен арқа-жарқа амандасып, орындарына отырған депутаттарға Президент Парламенттің алдағы уақытта атқаратын істерін айқындап берді. Үш партиялы Парламент пен Үкімет төмендегідей салаларда тер төгуі тиіс.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы жаһандық даму тұрғысынан аса күрделі кезеңге сәйкес келді. Әлемдік дағдарыс шиеленіскен жауапты шақта халқымыз сіздерге зор сенім білдірді. Елімізді түбегейлі жаңғыртатын ауқымды істерді заңнамалық қамтамасыз ету сіздерге жүктеледі.

Президент жария еткен қадау-қадау тапсырмалардың бәрі 5 институттық реформамен қабысып жатыр. Әлемдік экономика әлі де дағдарыс құрсауында. Ал, геосаяси тартыстар жаһандық экономиканың қалпына келуіне кедергі.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Тұрақты деген мемлекеттердің өзінде түрлі әлеуметтік проблемалар қылаң беруде. Оған жұмыссыздық, босқындар мәселесі түрткі болуда.

Бес реформа – ел ертеңінің берік діңгегі. 1 қаңтардан бастап Қазақстан жаңа «заңдар үстемдік құрған ортада» өмір сүріп жатыр. Оған қажетті 59 заңмен 400-ден аса актіні 5-ші шақырылым депутаттары қабылдаған.

Жаңа Мәжіліс осы істі жалғастыруы тиіс. Ал, келер жылдан бастап мемлекеттік қызметкерлер арасында бонустық төлемдер жүйесі қолданысқа енеді. Еңбегіне қарай өнбегі. Жалпы, бес реформа іске қосылған үш айда халықтың мемлекеттік қызметке деген сенімі нығая түскен.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бір басшы жұмыс ауыстырса, соңынан ере көшетін командалық қозғалыстар тоқтатылды. Мемлекеттік қызмет меритократия тәртібіне сүйенуі тиіс. Өткен жылдың үш айында 1722 адам бірге жұмыс ауыстырса, биыл бұл көрсеткіш тек 90 адам.

Әділ әрі ашық сот жүйесі. Дәл осы реформа арқылы меншік құқығы мен келiсiм мiндеттерiнің қорғалыуына кепілдік беріледі. Бұл Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған бес бағыттың бірі.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біздің елдегі сот төрелігі мен бизнес өкілдерінің қорғалуы дамыған елдердегі тәжірибеге сай. Соттардың 75 пайызы аудио дыбыс жазу құрылғыларымен жарақталған. Бұл бағыттағы жұмыс жалғаса түспек. Бізде 5 сатылы сот жүйесі үшеуге дейін кеміді.

Елдегі инвестициялық климат қолайлы. Ауыл шаруашылығына инвесторлар көптеп тартылуда. Ал, ұшқан құстың қанаты талатын дархан даланың логистикалық хабқа айналуына мүмкіндік мол. Қазақстанның Қытайдағы Ляньюньган порты біздегі жүк тасымалын 7 есе ұлғайтты. Сонымен бірге, тұрғын үй құрылысы қарқын алды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Алдағы 10 жыл ішінде 660 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Оның 70 пайызы өңдеуші инновациялық өндірісте жұмыс істеуі тиіс. Бізідң ел бизнесті жүргізуге қолайлы мемлекеттер рейтингісінде 189 елдің ішінде 41-ші орынды иемденіп отыр.

Төртінші реформаның өзегі - біртұтас ұлт қалыптастыру. Бұл орайда, ҚХА-на артылар жауапкершілік зор. Әсіресе, бүгінгідей аласапыран заманда қоғамда саяси тұрақтылық пен келісімді сақтау кезек күттірмейтін шаруа.

Ал, келер жылдан бастап білім беру саласын түбегейлі өзгерістер күтіп тұр. Жақын болашақта мектеп бағдарламасы үш тілде оқытылып, 5 күндік сабақ кестесіне көшеді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
2020 жылы орта білім беру жүйесі толығымен 12 жылдық бағдарламаға көшеді. Бұдан бұрын айтқанымдай, әрбір түлек өзінің алғашқы мамандығын тегін алады. Ғалымдардың болжауынша, 2020 жылға қарай Жер шарының 50 пайызын дижитал ұрпақ құрайды. Келер ұрпақ сандық әлемде өмір сүруіне тура келеді.

Елге есеп беретін ашық мемлекет. Бұл бесінші қадам. Астана, Алматы, облыс, қала тіпті аудан әкімдерінің халыққа есеп беруі осы сөзге дәлел. Оның үстіне бір шенеунік таққа отырса, қырық шабарманы атқа отыратын командалық ауыс-түйіс тыйылды.

Мемлекеттік қызметке іріктеу тәртібі өзгерді. Қызметте өсу меритократиялық жолмен жүзеге асады. Бірақ Ұлт көшбасшысы жария еткен Ұлт жоспарындағы кейбір міндеттердің жергілікті жерлерде жүзеге асуы баяу. Мемлекет басшысы мұндай кертарпаларға қатысты қатаң шара барын қайта бір ескертті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мен жариялаған Ұлт жоспары қазірдің өзінде тәжірибеге еніп, іс жүзінде қызмет етіп жатыр. Биылғы жылдың 1-ші тоқсанында атқарылған істерді сіздерге баяндап бердім.

Мен қазір кейбір шенеуніктердің бұл іске бөгет болғысы келіп, қиналып жүргенін сезіп отырмын. Біз бекіткен 100 қадамды кейбір шенеуніктер өз қалауынша өзгерткісі келеді. Оған жол жоқ. Мен тағы бір мәрте қатаң ескертемін.

Басқа да тапсырмалар туралы. Дағдарыс елдің қаржы нарығын тың тәсілдер арқылы реттеуді талап етеді. Осы орайда Кеден және Салық кодексі қайта қаралады.

Бұл да жаңа сайланған депутаттардың міндеті. Бірлескен отырыс соңында депутаттар қолын Ата-заңға қойып тұрып, ант берді. Халық қалаулылары берген антты заңға сай Мемлекет басшысының өзі қабылдады.

Жалпы, Мәжілістің жартысынан көбі яғни, 60 пайызы жаңарды. Олардың қатарында заңгер, экономист, кәсіпкер, мұғалім, дәрігерден тартып, қарапайым жұмысшы да бар.

Генадий Шиповских, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Менің негізгі мамандығым - машинист. Машинист болсаңыз, пойыз жүргізу керек. Сол пойызда кетіп бара жатқан адамдардың өмірі біздің мойнымызда.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Мәжілістің жаңа құрамында білімді, білікті азаматтар бар деп ойлаймыз. Олар өздерімен бірге жаңа ойларын, тың ұсыныстарын алып келеді деп сенеміз.

Сапар Ахметов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
ҚР Парламенті қатарында болу - үлкен абырой, үлкен міндет. Елбасымыз Парламенттің алдына бірқатар міндеттер қойды. Соның барлығын орындауымыз керек.

Бірлескен отырыстан кейін Төменгі Палата өкілдері өздерінің алғашқы жалпы отырысын өткізді. Онда депутаттар жасырын дауыс беру арқылы палата төрағасын сайлады.

Сөйтіп, Мәжіліс спикерлігіне ұсынылған Бақтықожа Ізмұхамбетовтің кандидатурасын 107 депутат бірауыздан қолдап дауыс берді. Ал төрағаның орынбасары болып, Владимир Божко мен Гүлмира Исімбаева сайланды.

Бақтықожа Ізмұхамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
Атқарылған жұмыс жетеді, әлі де біздің атқарар жұмысымыз көп. Мемлекет басшысы атап өткендей, біз халықтың проблемаларын анықтап, оларды шешуге жәрдемдесуіміз керек. Елімізді дамытуға біздерге, депутаттарға ерекше жауапкершілік жүктеліп отыр.

Сонымен қатар, халық қалаулылары Мәжілістегі тұрақты 7 комитеттің төрағаларын да сайлады.

Ғабит БӨКЕНБАЙ

Хабарламаларға жазылу