Ұлт жоспары мен «100 нақты қадамға» байланысты Үкімет атқаратын жұмыстар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлт жоспары мен «100 нақты қадамға» байланысты Үкімет атқаратын жұмыстар

27.03.2016
Ұлт жоспары мен «100 нақты қадамға» байланысты Үкімет атқаратын жұмыстар
Мұны Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев нақты анықтап берген.

Сонымен, Парламент сенім артқан Үкімет нендей іске басымдық беруі керек? Оны Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев нақты анықтап берген. Ұлт жоспары – «100 нақты қадамды» жүзеге асыру үшін Үкімет мынадай нақты төрт салаға қаржылай қолдау жасады.

Олар: ақша-несие саясатын сауықтыру – бір, қаржы нарығын тұрақтандыру – екі, «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша экономиканы қолдау - үш және төртінші - жұмыспен қамту.

Алғашқы салаға 1,5 триллионға жуық теңге бөлінеді. Оның 350 миллиард теңгесі бюджет тапшылығын қаржыландыруға, 500 миллиарды зейнетақы жинағының кірісін көбейтіп, сыртқы нарықты инвестициялау үшін валюта сатып алуға, тағы 600 миллиард теңгесі екінші деңгейдегі банктер мен ұлттық холдингтердің облигацияларын алуға жұмсалады.

Екінші бағыт - Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, тұрғын үй құрылысын қолдауға 360 миллиард теңге бөлінеді. Бұл қаржы жалдамалы үй салуға тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшыларына несие беруге және инженерлік – коммуникациялық инфрақұрылымды жаңартуға жұмсалады.

Нәтижесінде биыл 1,5 миллион шаршы метр тұрғын үй немесе 29 мың 400 пәтер пайдаға беріледі. Осы екінші бағытқа бөлінетін 360 миллиард теңгенің бір бөлігі EXPO мен Универсиаданың құрылыстарын жылдам аяқтауға жұмсалады.

Үшінші бағытта 200 миллиард теңге екінші деңгейлі банктер арқылы қарыздарды қайтаруға және шағын және орта бизнесті қолдауға жұмсалады. Сондай-ақ, 3456 ауылға кең жолақты интернет тартылып, «Самұрық-Қазынаның» еуробондтарын жабуға да қаржы қарастырылған.

Төртінші бағыт бойынша «Жұмыспен қамтудың жол картасы -2020» бағдарламасын жүзеге асырып, шағын несие үшін 98,9 миллиард теңге қарастырылған. Күтер нәтиже мынадай, биыл экономикалық өсім 0,8 немесе 1 процент деңгейінде болуы тиіс.

Сонымен қатар, Үкімет ел экономикасына инвестиция тарту үшін шетелдік инвесторларға қолайлы жағдай жасап, түрлі салықтық жеңілдіктер мен заңнамалық тұрғыдан көмек көрсету тетіктерін де жетілдіріп жатыр.

Айбек ҚОБДАБАЙ

Хабарламаларға жазылу